Айгүл Орынбек заңгер ретінде белсенді қандай да бір қылмыс жасаса, оқиға орнында ұсталуы керек деген пікірде.
«Біздің елдегі Әйел адамға деген «құрметті» осы суреттен-ақ анық көруге болады! Дәл мереке күніне орай қоғам алдында ауыл-аймақтағы заңсыздықтарды айтып, әшкерелеп жүрген нәзік жанды әлсіз әйелді бұлай тұтқындау — дұрыс емес! Иә, көпшілік қауым: «Сандуғаш дөрекі, кей кезде шектен шығатын сөздері де бар» деп жатыр… Бірақ бес баланың анасын кішкентай балаларының көзінше есікті бұзып алып кету, бұл — дұрыс емес.
Балалардың психикасына әсер етеді деп ойламайсыңдар ма? Егер ол ақшаға бопсаласа, ақшаны алып жатқан жерінен-ақ ұстауға болар еді ғой?! Оқиға орнында, қылмыс жасау үстінде құрықталса — онда еш дау жоқ Мына қоғам да, жұртшылық та даурықпас еді…! Наразылығын білдірмес еді!» — дейді ол.
Сонымен қатар, ол бұл оқиға адам құқығын бұзу екенін айтып, ашық айыптады.
«А», «Б» деген адамдардан арыз түсті екен деп жүгіріп келіп, жекенің меншігіндегі аумақ, ондағы есікті бұзып кіріп, қамауға алу, бұл — заңсыз! Заңгер ретінде, мен бұл жайтты — Адам құқығын өрескел бұзу дерегі деп есептеймін! Қазақстандағы құзырлы органдарға мынаны ескерткім келеді: Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың өзі қатаң тапсырған құқықтық мемлекетті шын құрып, оны қалыптастырғымыз келсе — онда бізде ең алдымен Адам құқығы қорғалуы керек!
Күдіктінің өзін ресми түрде Полиция департаменті немесе бөліміне шақырып үйрену керек! Жемқорлық жайтын және қылмыс үстінде тікелей бұлтартпас айғақпен ұсталмаса, жәй күдікке іліккен адамды бас салып қамап, азаптап, оны қорлау арқылы қылмысты мойнына ілуді доғаратын уақыт жетті!
Ата Заңымыз — Конституциямыздың 1-бабында да мемлекеттің басты қазынасы — Адам және оның құқықтары мен бостандығы екені айқын көрсетілгенімен, іс жүзінде бізде адам құқығы дәл иттің құқығындай қорғалып жатқан жоқ!
Қайда барсаң да, Қазақстанның қай бөлігіне, ауыл-аймағына бұрылсаң да — құқығы аяққа тапталған Халықты көресің… Азар да безер болып ашынған Халық басқадан бұрын мына формадағылардан көрген зәбір-заңсыздықтарын жеткізе алмай жүр… Өкінішке қарай, бұл әлі де жалғасып және өршіп жатыр! Халықтың құқығы тапталғаны — тапталған! Ащы болса да ақиқаты — осы!
Артур Ластаев мырза, Сіз шет ел көрген азамат ретінде және Адам құқығын қорғайтын омбудсмен ретінде Сандуғаштың ісіне құқықтық баға беріңізші! Заң аясында қандай шаралар қабылдап жатырсыз? Сол жұмыстарды Елдің алдында ашық ұсынуды және көрсетуді сұраймын!
Ол терракт жасап, қыз зорлап, адам өлтірген жоқ! Есірткі сатып, адам саудалған жоқ! Айғақтық дәлелдер толық жиналмай жатып, үстінен арыз түсті деп, дереу алып кетіп, қамауға алу — біздің Конституциямызға сын емес пе?», — деп жазды заңгер.
Ал өңірлік полиция мәліметінше, азаматтар белсендінің үстінен шағым түсірген.
«28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды.
Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», — деп жазған Жаңақорған аудандық полиция бөлімі өкілдері egemen.kz-ке.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде белсенді ұсталған сәт көрінетін сурет тарап кетті. Желі қолданушысының бұл жазбасына қалалық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.
«Бұл дерек бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр. Өзге де ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді», — деп жазылған жауапта.
Осы жайтқа қоғам белсендісі Құрал Сейітханұлы да үн қатты. Оның сөзінше, өңір тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекова — бес бала өсіріп отырған жалғызбасты ана.
«Сандуғаш — бес баласы бар жалғыз ілікті ана. Енді өз наразылығын әлеуметтік желіге шығарғаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарта береді ме? Алаяқтарды неге осылай ұстамайды екен?» — деп жазды ол.
Ал Гүлшара Әбдіқалықова мен ұсталған әйелге қатысты оқиға осыдан шамамен 4 жыл бұрын болды. Сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған еді. Полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған.
Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып «Жолды жабатын ханның қызысыз ба?» деп шүйлікті.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.