Тергеу Бишімбаевты жауапкершіліктен жалтартқысы келеді – Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов
«Экс-министр Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованың туыстары кешірді» деген ақпаратты Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов жоққа шығарды. Ол журналист Болат Аманбаевқа берген сұхбатында «Бишімбаевты ақтауға тырысқан» блогерлерге айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Байқауымызша, кейбір блогерлер Бишімбаевты ақтап алғысы келетін сияқты. Бірақ халықты алдай алмайсың. Жұрт ақ пен қараны ажырата алады. Осының бәрін ақшаға жасап жатқан блогерлер – нағыз оңбағандар. Дәл сондай жағдай өз басынан өткенде ғана олар бәрін түсінетін шығар. Оларды кім деп атауға болатынын да білмеймін», — дейді Нүкенов сұхбатында.
Қайрат Нүкеновтың айтуынша, Бишімбаевтар әулеті қазір өз ұлын арашалап алуға барын салып жатыр.
– Ол біз үшін айуан, қанішер. Біз ешқашан кешірмейміз. Абайсыз өлтіріп алса бірсәрі. Бірақ Бишімбаевтың қалай зорлық-зомбылық жасағанын көріп-біліп отырмыз. Айуан, қылмыскер деген екінің бірі олай жасай алмайтын шығар. Сол үшін оған ешқашан ешқандай кешірім болмайды. Қазір оны біз кешірсек, басқа да трагедия болады. Ол тағы кісі өлтіреді. Ал оның бұл ісі біздің арымызға сын болады. Олар блогерлерді жалдады. Тергеу белгілі бір жаққа басымдық бере жүргізілуі мүмкін. Оның түні бойы ішімдік ішкені бар, дәл соны куәгерлер, даяшылар мен бауырының өзі айтып отыр. Қанында белгілі болғаны оның өзі көп нәрседен белгі береді. Сараптаманың өзіне күмән келтіреміз. Кейбір адамдар Бишімбаевтың есірткі қабылдағанын да жазып жатыр. Бірақ оның қалайда оның белгісі “табылмаған”. Демек, тергеудің өзі оны жауапкершіліктен алып қалғысы келетінін көріп отырмыз, – дейді ол.
Салтанаттың ағасы мәйітті жуған адамдар сұп-сұр болып, бозарып, қорқып шыққанын айтады. Олар Салтанаттың денесінің сау-тамтығы қалмағанын көрген.
– Бишімбаев бауырын шақырып алып, Салтанаттың өлгенін күткен. Бірнеше рет нөмірге кеп, тірі ме, жоқ па деп, көз жеткізгісі келген. Өлген кезде ғана жедел жәрдем шақырған. Бауырын «қылмысты жасырғаны» үшін ғана емес, «өлтіруге бірге қатысқан адам» ретінде де соттау керек. Видеожазбаларды өшірген адам да Бишімбаевтың пиғылдасы. Қылмысты бірге жасағандар десе де болады. Бұл – Бишімбаев бандасының қылмысы» — деген ойға келеді Қайрат Нүкенов.
Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Марқұм жайлы не белгілі
Қуандық Бишімбаевтың әйелі – 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Ол – бұрынғы министрдің екінші әйелі.
Келіншек астрологиямен айналысып, желіде жеке блогын жүргізген. Оның парақшасында көрсетілгендей мәліметке сүйенсек, консультацияларының құны шамамен 80 мың теңгені құрады.
Бишімбаевтың төрт баласы бар, үшеуі – бірінші некеден, біреуі – екінші некеден.
Жемқорлық үшін 10 жыл
Қуандық Бишімбаев 2017 жылға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.