Ақша

«ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ КҮРЕСУГЕ КӨМЕК КӨРСЕТУІН ЖАЛҒАСТЫРУДА.

Теңіз кен орнының 9 мыңға жуық қызметкері тұратын Жылой ауданындағы су тасқынымен күресуге көмекке алғашқылардың бірі болып «Теңізшевройл» мамандары келді. Сәуір айының алғашқы күндерінен бастап Теңізден Құлсарыға ондаған техника мен арнайы техника келіп, тәулік бойы бөгет салды. Теңіз қоймаларынан 300 мыңға жуық қап, күрек, қолғап, геосинтетика, полиэтилен орамдары, жарық діңгектер – жағаларды нығайтуға қажеттінің бәрі жиналып, Құлсарыға әкелінді. Бөгет құрылысында жұмыс істеп жатқан жылыойлықтар азық-түлікпен қамтамасыз етілді. 4 сәуірден бері ТШО-ның жанар-жағар май құю операторлары су тасқынының алдын алу және оның салдарын жоюға жұмылдырылған арнайы техникалар мен басқа да көліктерге 200 мың литрге жуық жанар-жағар май берді.

Кевин Лайон, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры: «Теңізшевройл» бизнес серіктестерімен бірге су тасқынына қарсы тұруға көмектесу үшін ауыр техниканы жұмылдырды, эвакуация жарияланған кезде әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істеп, 7 мыңнан астам адамды Теңіз қалашығындағы жатақханаға көшірді.

ТШО тұрғындарды қауіпсіз жерге – Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтарға жеткізу үшін дереу автобустар жіберді, сонымен қатар вахта алмасуға арналған пойыздарымен жүздеген тұрғындарды эвакуациялады. 6 сәуірде түнгі сағат 2-де Теңіз кеніші маңындағы вахталық қалашығына көпшілігі әйелдер, қарттар мен балалардан тұратын Құлсары қаласының алғашқы эвакуацияланған тұрғындары келді. Теңізшевройл қызметкерлері дереу еріктілер тобын жұмылдырып, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға кірісті. 6 сәуір күні сағат 10.00-де компания мен мердігерлер ұйымдардың қызметкерлері Атыраудағы бас кеңседе Жылыой ауданының тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жиналып жатқанын білді. Алғашқы күні-ақ ТШО қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен жылыойлықтарға 2,5 тонна гуманитарлық көмек жинаса, үш күнде Теңізге 5 тоннаға жуық қажетті тауар жөнелтті.

Кәмшат Байжанова (Әлия Ақыш), адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджер: Бұл күндері бас кеңсенің мәжіліс залы қатты өзгерді, әріптестеріміз гигиеналық құралдардан бастап ойыншықтарға дейін қажеттінің бәрін тоқтамастан әкеле бастады. Маған көпшілігі сатып алмас бұрын не жетіспейтінін алдын ала сұрап, қажетті нәрсені ғана сатып алғаны ұнады. Теңіздегі вахталық қалашықтың әкімшілері тұрғындар арасында қандай көмек қажет екендігі жөнінде сауалнама жүргізіп, тізімдерді жинақтап, бізге дереу хабарлап отырды. Негізгі көмекті еріктілер көрсетті, біз тек процесті үйлестіруге, заттарды сұрыптауға және орауға көмектестік. Осындай қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге қолдау көрсетуге келген әрбір азаматқа алғыс айтқым келеді.

«Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері болған жағдайды қатты уайымдай отырып, осынау қиын кезеңде Атырау облысының тұрғындарымен бірге болды. Тұрғындарға су тасқынының тікелей салдарын жоюға көмектесу және су тасқынынан зардап шеккендердің қалыпты өмірін қалпына келтіруге көмектесу үшін компания 2 млрд теңге бөлді. Қарапайым қызметкерлер де көмек қолын созды.

Джон Фелл, «Теңізшевройл» ЖШС-нің стратегиялық сұрақтары бойынша кеңесшісі: Біз бір топ әріптестермен бірге бұрын-соңды болмаған осындай жағдайда қалай көмек көрсетеміз деп ойладық. Маған және менің отбасыма Атырауда тұрған ұнайды. Әкем үнемі «қолыңнан келіп тұрса, көмектес» деп айтатын. Сондықтан бүгін біз бір топ әріптесімізбен Атырауды жақындап келе жатқан су тасқынынан қорғау үшін өзен жағалауына қапшықтар орнатуға келдік.

Кәсіпорын қызметкерлері де, халық арасында «Американдық қалашық» деп аталатын «Достық» қалашығының тұрғындары да демалыс күндері және жұмыстан кейін Жайық өзенінің бойында бөгеттер мен жағалау бекіністерін салуға атсалыса бастады. Тіл айырмашылығына қарамастан шетелдіктер ортақ мақсатты тез түсініп, жергілікті тұрғындармен бірге Жайық жағалауын нығайтуға кірісті. Жұмыс барысында «Теңізшевройл» инженерлері көршілес мектептің еріктілеріне қаптарды топырақпен толтыру процесін тездету үшін жаңа шешімдер ұсынды, ал мұғалімдер шетелдіктермен сөйлесіп, ағылшын тілін жаттықтырды.

Кевин Лайон, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры: Бүгін мен Атыраудың солтүстік бөлігіндемін, осы жерде біз 8 шақырымдық топырақ бөгетін салып жатырмыз. Бұл біздің әкімдікпен ынтымақтастығымыздың бір бөлігі. Әкімдікте бағдарлама жүзеге асырылып жатыр, соған сәйкес бізге, бизнес серіктестерімізбен бірге бөгет салуға 8 шақырымдық осы учаске бөлінді. Мен SICIM компаниясын техникаларды күні бұрын жұмылдыра бастаған негізгі бизнес серіктестердің бірі ретінде атап өткім келеді. Бұл бөгет құрылысына 70-тен астам техника, сондай-ақ 170-тен астам адам жұмылдырылды.

Осы уақыт ішінде ТШО-ның өндірістік қызметі мен «Келешек кеңею жобасы – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) бойынша іске қосу жұмыстары үздіксіз жалғасып отырды.

Кевин Лайон, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры: Бұл бірге жұмыс істеп, бір-бірімізді қолдау арқылы Атырау тұрғындарын қорғап қалатындай үлкен нәтижеге қол жеткізе алатынымыздың тамаша үлгісі. Баршаңызға ескертетінім: ықтимал су тасқынына қатысты үкімет нұсқауларын орындаңыздар, өзіңізді және отбасыңызды ықтимал су тасқынына дайындауға уақыт бөліңіздер және, әрине, сенімді дереккөздерден ақпарат алыңыздар. Мен «Теңізшевройл» қоғамды қолдау үшін осы жерде жүргенін мақтан етемін. Келешекте ынтымақтастығымыз ұзаққа созылады деген үміттеміз. Рахмет.

 

 

 

Другие новости

Back to top button