Госорганы

Теміржолдарда жоспарлы жөндеу басталды: Жолаушы пойыздары кешігуі мүмкін

Теміржол бойындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты жолаушы пойыздарының жылдамдығы баяулап, белгіленген кестесінен кешігуі мүмкін. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясының мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 

Инфрақұрылымды жаңғырту және ағымдағы күтіп ұстау бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін ҚТЖ пойыздар қозғалысы жылдамдығына уақытша шектеу енгізіп отыр. Бұл жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесіне әсер етеді. Атап айтқанда, Астана – Алматы, Алматы – Петропавл, Шымкент – Астана, Жезқазған – Алматы, Алматы – Орал қатынасындағы пойыздар кешігуі мүмкін.

«Компания туындаған қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды және қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауға шақырады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жаппай жөндеу жұмыстарын жүргізу жағдайында жолаушылар пойыздары қозғалысының нормативтік кестесін сақтау бойынша тәулік бойы шаралар қабылдануда», — делінген компания хабарламасында.

Айта кетейік, бииыл ҚТЖ 1,1 мың шақырымнан астам жолды қалпына келтіруді жоспарлап отыр. 108 мыңнан астам шпал мен 634 бағыттамалық бұрма жиынтығы ауыстырылатын болады.

Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

Ауқымды жұмыстар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей және Алматы өңірлерінде басталып кетті.

Кешенді жөндеу жұмыстары Мойынты – Қарағанды – Астана учаскесінде де жүргізіліп жатыр.

«Мұнда көп тер төгуді қажет ететін жөндеу кезеңі – ластанған балласты терең тазарту, ескі темірбетон шпалдарын ауыстыру, рельсті торлардың тұтастығын қалпына келтіру және тағы басқасы жүзеге асырылуда. Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің учаскелерінде жолды күрделі және күшейтілген орташа жөндеу аяқталды».

Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша ақпаратты «1433» тегін нөмірі және «KTZH_PP_BOT» Telegram-боты арқылы алуға болады.

Другие новости

Back to top button