Госорганы

«Темір тордың астын көтеру арқылы өтіп кеткен»: Күдебаевтың елден қалай қашып кеткені белгілі болды

Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев елден қалай қашып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, қашқын генерал-майор шекарадағы өткізу бекетінен өтпеген.

«Оның берген жауабына сәйкес, ол Кеген ауданында шекарада темір тордың астын көтеру арқылы өтіп кеткен», деді Өмірәлиев мәжіліс кулуарында.

Ол Күдебаевтың елден қашу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталғанын атап өтті. Іс сотқа жолданды. Ең басты айыпталушы Күдебаевтың өзі.

«Ол біздің шекарамыздан тыс жерден Қырғызстан мемлекетіне өтіп кеткен. Оны шекараға жеткізген көлік жүргізушісі мұндай әрекетке баратынынан беймәлім болған. Сол себепті өзі ғана жауапқа тартылып жатыр», — деп нақтылады бас прокурордың орынбасары.

Ол сондай-ақ Күдебаев жасаған осы қылмысы үшін қосымша жаза арқалайтынын айтты.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М. Күдебаев «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бұған дейін Күдебаевтың ұсталып, Ыстамбұлдан Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілгені хабарланған болатын. Кейін бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Сондай-ақ Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.

58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан.

Айта кетсек, Серік Қүдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол алты жылдан астам Алматы полициясы департаментінің бастығы болған.

Другие новости

Back to top button