Алматинская область

«Тәте, демала алмай жатырмын»: Алматы облысында төбелес кезінде оққа ұшқан жасөспірімнің ата-анасы әділдік сұрайды

Алматы облысында жаппай төбелес кезінде оққа ұшқан жігіттің жақындары әділдік сұрайды. 17 жастағы Мәрленді 20 жастағы жігіт мылтықпен атып өлтірген. Дегенмен ауыл тұрғындары қылмыс болған күні олардың қару ұстап тайраңдап, ауылды басына көтеріп жүргенін көрген екен. Қапыда ұлдарынан айырылып қалған олар кінәлілер лайықты жазасын алуы үшін соңына дейін күресуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Бәйдібек би ауылындағы жаппай төбелестің видеосы желіде тараған. Тұрғындардың сөзінше, мұнда екі мектептің оқушылары төбелескен. Бір мектептен 20 шақты, екінші мектептен 50-ге тарта бала келген. Бірақ арасында 30-дан асқан ересектер де болыпты. Төбелеске қатысқандар бір адам оққа ұшқан соң жан-жаққа қаша жөнелген.

Оқ жарақатын алған 17 жастағы Мәрлен қансырап қашып, сол маңдағы үйдің алдына келіпті. Есігі құлыптаулы болған соң, есігінен секіріп өтіп, шыңғыра көмек сұраған.

“Мына жерде «Тәте, демала алмай жатырмын, жедел жәрдем шақырыңызшы» деп айқайлап жатыр екен. Содан мен жедел жәрдем шақырдым. Сол кезде көшенің басына шыққанда қасымнан 30 баладай өтті. Бетінде маска, басында бас киім, қолында қаруы, таяғы бар. Біреуі «Біз осы жерді ұстаймыз, біз билейміз осы жерді, біз басқарамыз осы жерді» деп, айқайлап кетіп бара жатты”, – дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Мұсаева.

Алайда жедел жәрдем жеткенше жасөспірім жан тапсырған. Мәрлен 9-сыныптан кейін колледжге кетіп, аспаз мамандығына оқыған екен. Демалысында ауылдағы әке-шешесіне көмектесуге келіпті. Айдын-күннің аманында ұлынан айырылған ата-ана қазір зар еңіреп жүр. Баласының денесін күне кеше жер қойынына тапсырыпты.

“Істеген адамдар заңды жазасын алсын. 80-70 адам істеп отыр мұны. Тоғыз-ақ адам ұсталған. Оның ішінде екеуі күдікті дейді. Басқа адамдардың бәрі жазалансын. Баяғыдан келе жатқан нәрсе, бұл – екі жақтың соғысы. Бәрі жылы жабылып қалып жатыр. Менің баламның өлімі жылы жабылып қалмасын деп мен баратын жердің бәріне барамын”, – дейді марқұмның анасы Эльнора Айдарова.

Мәрленнің үйіне күдікке ілінген жасөспірімдердің әке-шешесі кеше келіпті. Бірақ жиынның соңы тағы да жанжалға ұласып кеткен.

“Мәрлен үйде болған. Бізге учаскелік полицей оның Алматыдан келгені туралы өтірік ақпарат жазып отыр. Ол үйде жатқан. Мәрленнің телефоны болмаған. Інісіне “келсін” деп хабарласқан. Сосын аяқ асты сағат бірдің шамасында шығып кеткен. Сондағысы жарты сағаттың ішінде хабар келіп тұр”, – деді әпкесі Аяулым Айдарбекқызы.

Ауыл тұрғындары жаппай төбелеске бірнеше себеп келтіріп отыр. Бірі өз араларындағы кикілжің десе, өзгелері бір-бірін күш арқылы басқарғысы келген дейді. Не де болса нақты себебін тәртіп сақшылары анықтайды. Әзірге адам өлтірді деген күдікке біреуі ілініпті. Сегізіне “Бұзақылық” бабымен іс қозғалған.

“Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 9-тармағы, 2-бөлігі, 14 тармағы және 293-бабы, 3-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шарасында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 20-дан астам баланы анықтап жеткізді. Оның тоғызы аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, барлық тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр”, – деді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Ал қару сол ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі екен. Заңға сәйкес Мәрленді өлтірген күдікті кемі 15 жылға дейін, ал қалған сегізі 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен тергеу әлі жалғасып жатыр.

Другие новости

Back to top button