Выбор редакции

«Тариф жиі қымбаттайды, байланыс нашар»: Қазақстан интернет сапасы жағынан әлемде 155-ші орында

Халықаралық зерттеу ұйымдарының мәліметінше, Қазақстан интернет сапасы бойынша 220 елдің ішінде 155-ші орында. Мобильді байланыссыз отырған елімізде әлі 1300-ге жуық елді мекен бар. Елімізде мобильді интернет сапасына көңілі көншімейтіндердің қатары тым көп. Кейбірі үнемі көтеріліп отыратын ұялы байланыс тарифінің бағасына наразы болса, енді бірі сол бағаға сай қызмет көрсетпейтін мобильді байланыс операторларының қызметін жиі сынайды.

Тариф көтерілсе де, сапаның жақсармау себебін Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көруге тырысты.

 «ТАРИФ ТҰРАҚСЫЗ, ЕСКЕРТПЕЙ БАҒАНЫ ЖИІ КӨТЕРЕДІ..»

Ел тұрғындарының ішінде интернет сапасына оң баға беретін адам табу қиын. Көбінің өмір сүруі, жұмысы, оқуы, табыс табуы тікелей интернетке байланғандықтан, халық бір сәтке болса да байланыстың тоқтап қалуын көтере алмайтын жағдайда.

«Мен Activ пен Tele2 қызметтерін қолданамын. Өкініштісі, екеуінің де тарифі тұрақсыз, жиі қымбаттайды. Тele2-де «Выгодный» тарифі 3 мыңнан 4590 теңгеге көтерілді. Қаланың ішінде тұрсақ та, үйімізде екі байланыс желісі де ұстамайды. Келген хат ашылмайды, қоңырау шалып сөйлесе алмаймыз. Дауыс анық естілмейді. Ғаламтордан әлденені телефон қосымшасына жүктеу көп уақыт алады, өте баяу жұмыс істейді. Youtube мүлдем ашылмайды. Ауылдық жерлерде Activ мүлдем қосылмайды», — деп шағымданды алматылық Арайлым.

Қазақстандағы Қоғамдық саяси институт 2023 жылғы әлеуметтік зерттеуінің нәтижесінде 35,4 пайыз ересек адамның интернет сапасына көңілі толмайтыны анықтады, ал 29,7 пайызы мобильді интернеттің жұмыс сапасын сынға алған. Нәзира есімді әйел мобильді тарифі тез таусылатындықтан, бір айда ақшаны еселеп қосуға мәжбүр екенін айтты.

«Activ-ті пайдаланамын. «Комфорт S архивный» тарифі 3090 теңге тұрады. Алматының іргесіндегі Өтеген батыр ауылында мүлде байланыс ұстамайды. Қалаға кіргенде ғана қосылады. Тариф қамтитын гигабайт бір айға аздық етеді, сондықтан бір айда екі рет тарифті қайталап қостыруға мәжбүрмін», — деді ол.

Speedtest.com (Ookla) интернет жылдамдығын өлшейтін халықаралық компанияның 2024 жылғы қаңтар айындағы дерегінше, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығынан 144 елдің ішінде 69-орында тұр, мобильді интернеттің орташа жылдамдығы – секундына 35.21 МБит. Бұл қанағаттанарлық (solid) жылдамдық болып саналады. (Қосымша арқылы тексеріп көргенде, Астанада Kcell мобильді интернет жылдамдығы – секундына 21,2 Мбит көрсетті). Ал әлемдік телекоммуникация провайдерлерін салыстыруға маманданған Британдық аналитикалық ресурс Cable.co.uk болса, кең жолақты интернет жылдамдығы бойынша былтыр Қазақстан 220 елдің ішінде 155-ші орында тұрды деген ақпарат береді.

«Мобильді байланыс қызметіне көңілім толмайды. Өзім Tele2-ні қолданамын. Барлық жерде дерлік ұстамайды. Бұрын «Выгодный» тариф 4590 теңгеге шексіз интернет қосатын еді, қазір 25 гигабайт ғана беріледі», — деді алматылық Қорлан есімді қыз.

2023 жылы маусымда Астанада өткен халықаралық форумда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Біздің мобильді интернет – әлемдегі ең арзан интернет қатарында» деген мәлімдеме жасады. Бірақ Қазақстанда интернет құны төмен (1 Гбайт — 0,41 АҚШ доллары) болса да, халық жалақысының едәуір бөлігін (3,3 пайызын) байланыс қызметін сатып алуға жұмсайды. Ел тұрғындары, қазақстандықтардың табысымен санағанда байланыс құны министр айтқандай арзан деуге келмес деген пікірде.

«Beeline мобильді байланысы қалада жақсы істейді, бірақ ауылдық жерлерді дұрыс қамтымаған. Дамыған елде тұрамыз дейміз, бірақ мобильді байланыс әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Өзім Beeline-ның 12 мың теңгелік «Семейный» тарифін қолданамын, шексіз интернет береді. 4-5 адам бірігіп пайдаланамыз», — деді Әсем есімді алматылық әйел.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылдың мамыр-шілде айларында ұялы байланыс операторлары ай сайынғы абоненттік төлемнің құнын бірден 7,7% — дан 57,3% — ға дейін шарықтатқаны туралы хабарлады. Бірақ тариф қымбаттағаннан интернет жылдам, әрі сапалы болып кеткен жоқ. Биыл 15 қаңтарда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін 3 миллиард 288 миллион теңге айыппұл салды. Алайда бюджетке «заңнамада көзделген жеңілдікті ескере отырып» барлығы 1 млрд 644 млн теңге төленді. Tele2 — 751,4 млн теңге, Kcell – 563,2 млн теңге, Beeline – 329,4 млн теңге төледі.

Отандық телекоммуникация нарығының жартысынан көбін иемденіп отырған  «Қазақтелеком» компаниялар тобының баспасөз қызметі («Қазақтелеком» АҚ, Tele2 және Kcell) тарифтің қымбаттауына пандемиядан кейінгі интернет тұтыну көлемінің өсуі мен байланыстың жаңа буыны – 5G-ге көшуге байланысты жұмыстардың себеп болып отырғанын жеткізді.

«Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы (бұдан әрі — компания) қазіргі позициялар мен одан әрі өсуді қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте байланыстың жаңа буын желісі – 5G-ді өрістетіп, желі құрылысы мен қамту аумағын ұлғайтуға айтарлықтай инвестиция салады. Сонымен қатар бұл шығынға 5G аукционындағы төлем мен салынатын айыппұлдарды қосамыз. Бұл ретте жиі айтыла бермейтін аспекті ретінде – пайдалануға берілген әрбір базалық станцияның жұмысын қолдауға кететін шығын жыл сайын өсіп отыратынын айтқан жөн.

Сондай-ақ, пандемиядан кейін интернет тұтыну көлемі күрт өсіп, трафик соңғы үш жылда 59,3% артқан. Бұл байланыс операторларынан желіні дамытып, кеңейтуге, базалық станциялар санын арттырып, модернизациялауға тұрақты түрде инвестиция құюды талап етеді. Мысалы 2020-2023 жылдар аралығында тек «Кселл» АҚ осы мақсаттарға 184,4 млрд. теңге бағыттады және бұл инвестициялар әлі де арта бермек. Жалпы былтыр телеком саласына құйылған инвестициялар көлемі 27 пайызға артқан.  Одан бөлек барлық құрал-жабдық, базалық станциялар шетелден сатып алынады. Бір базалық станцияның құны орта есеппен, 100 млн теңге», — делінген компанияның жауабында.

 «НАРЫҚТА БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖОҚ..» 

Қазақтелеком интернет сапасын жақсартуға елдегі радиофобия да әсер етіп отырғанын атап өтті. Монополистердің пікірінше, қызмет сапасын арттыруға тұрғындардың өздері де кедергі келтіріп келеді, мыс.

«Жалпы алғанда, интернет сапасына түрлі факторлар әсер етеді. Әр кезеңде әр жағдайды бөлек қарау керек. Байланыс операторларына желіні кеңейтуге қолбайлау жасайтын негізгі мәселенің бірі — базалық станцияларды орнатуға радиофоб тұрғындардың наразылығы. Бұл ретте операторлар Пәтер иелерінің кооперативі, ғимарат иелері және т.б. меншік иелеріне тәуелді болып отыр. Қазір ҚР ЦДИАӨМ осы жағдайды түзетіп,  базалық станцияларды пайдалануға беру мүмкіндігін жеңілдету үшін белсенді жұмыс жүргізуде.

Бір базалық станцияны орнату үшін бір ғимараттың құрылысына қажетті құжаттарды жинау қажет, кейде бұған алты айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Рұқсат құжаттарын алған соң, базалық станцияны 1-2 аптаның ішінде тез орнатуға болады. Алайда, қазіргі ереже бойынша тұрғын үйдің бір тұрғыны қарсылық білдірсе, біз ол үйдің шатырына станцияны орната алмаймыз. Орнатқан жағдайда, алып тастауға мәжбүр боламыз. Былтыр «Кселл» АҚ осындай отыздан астам кейс тіркелген. Соның салдарынан мыңдаған басқа тұрғын интернет сапасына қатысты зардап шегеді, бұл әрине сансыз шағым, миллиондаған штраф», — деді Қазақтелекомның баспасөз қызметінен.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметі нарығын «Қазақтелеком» АҚ мен «Кар-Тел» ЖШС алып отырғандықтан, бәселекестік жоқ, сәйкесінше тұрғындарда таңдау жоқ екенін айтады. Нарықта байланыс операторларының аз болуын интернет сапасының төмендігіне әсер ететін фактордың бір ретінде көрсетті. Қазақстанда 3 ұялы оператор бар, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 еншілес операторы – «Kcell» АҚ (kcell/aktiv) және «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС (Tele2/Altel). Оларда нарықтың 62% жалпы үлесі бар және 3-ші қатысушы — «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) жеке оператордың үлесі – 38%. Жалпы алғанда аталған мобильді операторлар нарықтың 100% үлесіне ие.

«Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін ұялы байланыс операторларының бірін аталған компаниялар тобынан шығару шаралары жүргізілуде. Айта кету керек, ұялы байланыс операторын шығаруды жүзеге асыру толығымен «Самұрық-Қазына» АҚ ғана жүктелген. Министрлік өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ өз құзыреті шегінде жан-жақты көмек көрсетеді.

ҚР «Байланыс туралы» Заңының 29-бабының 1,2 бөлігіне сәйкес қожалық етуші операторлар байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Байланыс желілерін дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру өз қаражатының және қарыз есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

«Жалпы, байланыс опеараторларының квазимемлекеттік компаниядан бөлініп шығуы бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ операторлар өзара бәсекелестікте тұтынушылар санына таласатыны сөзсіз. Бұл сапаның бұдан да жақсаруына әсер ететін болады. Тұтынушылардың 60% «Қазақтелеком» АО ұялы байланыс операторларын, 40% Кар-Тел қызметін пайдаланады», — деді министрліктен.

Beeline байланыс операторының да мобильді интернет тарифінің қымбаттауына берер жауабы бар. Компания өзінің ұялы байланыс желісін дамытуға инвестиция құйып жатқанын алға тартады.

«Кез келген өнім немесе қызметтің бағасына әсер ететін бірқатар факторлар бар және телекоммуникация саласы үшін де солай екенін айқанымыз жөн. Мәселен, электр энергиясының құны, инфляция, девальвация, интернетті тұтынудың өсуі сияқты басқа да факторлар бар. Сонымен қатар, компания өзінің ұялы байланыс желісін дамытуға және кеңейтуге үздіксіз инвестиция салуда. Соңғы үш жылда компания 220 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйды. Компанияның шығыны 2023 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 37%-өсті. Егер баға өспесе, телекоммуникация саласы да инвестиция тапшылығына тап болады және бұл өз кезегінде байланыс сапасына әсер етеді», — делінген компанияның ресми жауабында.

         ҚАЗАҚСТАНДА МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТСІЗ 1248 АУЫЛ БАР 

Ал интернеттің жиі істемей қалуына байланысты сұраққа Beeline желідегі жүктеменің өсуімен түсіндірді.

«Интернет сапасы көптеген факторларға байланысты. Мысалы, желіге жүктеме үнемі өсіп жатыр, базалық станциялардың ресурсы шектеулі, пайдаланушылар саны мен абоненттер тұтынатын интернет-трафиктің көлемі де әрдайым артып отырады. Қазақстанда жан басына шаққанда тұтынатын интернет-трафиктің орташа айлық көлемі 17 Гб-ты құрайды, ал әлем бойынша орташа көрсеткіш небәрі 12,6 Гб. Анықтама үшін, тек соңғы жылдың өзінде желідегі жүктеме 20%-ға артқан. Сондықтан ұялы байланыс операторлары желіге көбірек инвестиция құйып, жаңа базалық станциялар салып, қазіргі станцияларды жаңартуда.

Алайда байланыс пен интернеттің сапасын жақсартуға кедергі келтіретін себептер де бар. Негізгі проблемалардың бірі — радиофобия, ол байланыс желілерінің дамуына кедергі келтіреді. Мәселен, соңғы екі жылда Beeline ұялы байланыс операторы радиофобияның кесірінен еліміздегі 340-тан астам базалық станцияны алып тастауға мәжбүр болған. Радиофобия салдарын мегаполистерде ғана емес, аймақтарда да көруге болады – мысалы, Қостанай және Алматы облыстарында байқалады. Облыстар мен шағын елдімекен тұрғындары пайдаланатын байланыс күшейткіштері де (репитерлер) интернет сапасына кері әсер етуде. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы Чириковка елдімекенінде байланыс операторлары әкімдік өкілдерімен бірге осы ауылға барып, репитерлерді қолданбау мәселесін көтерген болатын», — деп жауап берді компания өкілі.

ЦДИАӨМ мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 6 406 елді мекен, оның ішінде 116 қала және 6 290 ауыл бар. 6 290 ауылдың 4 866 — сы 3G, 1 652 ауыл 4G,  3 214 ауылы өзге мобильді технологиялар бойынша кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Спутниктік жүйелер арқылы 2023 жылы 176 ауыл қамтамасыз етілді. Мобильді интернетсіз әлі 1248 ауыл қалып отыр.

Мобильді интернеттің сапасын көтеру мақсатында былтыр 600 ауылда мобильді интернеттің сапасы жақсарды (2022 жылы 743 ауыл). 2023 жылы 2 834 базалық станция салынды (оның ішінде 740 5G) және 3 018 базалық станция жаңартылды (2022 жылы 3 200 базалық станция салынды және 3000 базалық станция жаңартылды).

«Байланыс немесе интернеттің сапасыздығы туралы Операторға қатысты тексеру жүргізу үшін қазақстандықтар телекоммуникация комитетінің (ЦДИАӨМ) не тиісті облыстағы аумақтық байланыс инспекциясының атына «электрондық үкімет» порталы, «Е-otinish» өтініш беру жүйесі арқылы не қағаз түрінде ресми өтініш жіберуі қажет. Өтініште шағымның нысанасын, байланыс операторының атауын және тексеруді жүргізу қажет өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсету міндетті» ,- деп атап өтті министрлік.

Другие новости

Back to top button