«Тарақандар өріп жүр, жиіркенішті»: Антикор пойыздардың проблемасы шешілмей жатыр дейді
![](https://matritca.kz/wp-content/uploads/2025/02/67ac7a676bfcd286391971.jpeg-780x470.webp)
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жолаушылар пойыздарының сапасы сын көтермейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір бізде 14 тасымалдаушы бар. Олар: ҚТЖ құрамындағы «Жолаушылар тасымалы» және 13 жекеменшік тасымалдаушы.
«Біздің пойыздардың жай-күйі көңіл көншітпейді. Пойыздарға адамдардан шағым көп түседі. Өкінішке қарай, санитарлық жағдайы жиіркенішті, қызмет көрсету жағы ақсап тұр, пойызда тарақандар жүреді. Мұның бәрін бұқаралық ақпарат құралдары қозғап жүр. Біз өткен жылдың қазанынан бері Көлік министрлігі алдында осы мәселені белсенді көтеріп жүрміз. Бірақ мәселе шешімін таппай жатыр. Көлік министрлігіне хат та жаздық, жиналыстарға шақырдық, бірақ мәселе шешілмеді», — дейді ол Мәжіліс кулуарында.
Сарқұлов осы орайда «Маңғышлақ-Орал» және «Қостанай-Астана» бағытына жеке тоқталды.
«Бұл бағыттарға жекеменшік тасымалдаушылар қызмет көрсетеді, мемлекеттен субсидия бөлінеді. Егер ақша бөлінсе, онда пойыздардың жай-күйі де сапалы болуға тиіс. Тым құрығында қарапайым талаптар сақталуы керек. Біз осы мәселені Үкімет алдында көтердік, көлік прокуратурасы органдары да қосылады деген үміттеміз. Мәселені шешуіміз керек», — дейді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.