Талдықорғанда газ орнатылған көлік жарылып, бір үйді қиратып жіберді

Талдықорғанда газ-баллон жабдығы бар автокөлік жарылып кетті. Жарылыстың қатты болғаны сонша, тұрғын үй қираған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға орнынан түсірілген видео желіде тарады.
«Туыстарымыздың көлігі жарылып кетті. Енді жақындарымыз қыста баспанасыз қалды. Өте қиын жағдай. Енді оларға жөндеу жұмыстарын жасап, үйді қалпына келтіру керек», – дейді видео авторы.
Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 4 наурызда Талдықорғанның Еркін ауылында гаражда тұрған көліктің газ жабдығы жарылған.
«Хабарлама 07:06-да түсті, оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жіберілді: 20 адам, 6 техника. Кейін 50 шаршы метрлік шаруашылық құрылыс нысандары жартылай қирады. Өрт болмаған», – деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаменті.
Пікірлерде жарылыс салдарынан әкесі мен қызы зардап шеккені жазылған. Ер адам ауруханада жатыр деген ақпарат бар.
Ресми деректерге сәйкес бір адамның зардап шеккені хабарланды. Ол ауыр тұрақты жағдайда ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында жеке үйдегі газ жарылысынан зардап шеккен тағы бір адам көз жұмды. Әйелдің денесінің 96 пайызын күйік шалған.