Талдықорған әкімдігі қала басшысының қызметтік көлігі жалған нөмірмен жүргенін растады
3 қаңтар күні сағат 05:00 шамасында Талдықорған полицейлері қалалық әкімдікке тиесілі көліктің жалған мемлекеттік нөмірмен жүргенін анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жүргізуші өз бетінше мемлекеттік нөмірі тіркелмеген көлікті пайдаланған. Көлікті тоқтатқан уақытта Талдықорған қаласының әкімі Е.Д.Василий болмаған.
«Аталмыш факті бойынша әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының 4-бөлігі “Көлікті пайдалану ережелерін бұзу” бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Р.Б.Абданиев 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сондай-ақ ол бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Жүргізушінің жазасы 9 қаңтарда аяқталады. Жазасын өтегеннен кейін Абданиев жұмыстан шығарылады.
Сондай-ақ «ҚР әкімінің аппараты» ММ «шаруашылық басқармасы» КММ автопаркінің басшысына жол құжатынсыз көлікті шығару фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылғаны хабарланды. Д.А.Молдабаевқа 10 АЕК яғни 36 920 теңге айыппұл салынған.
«Ұқсас және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында автопарк қызметкерлерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді», – деп мәлімдеді әкімдік.