Тағы бір облыста су тасыды: Жамбыл өңіріндегі ауылда ондаған үйдің ауласына су жайылды
15 сәуір күні кешкісін Жамбыл облысында да су тасығаны жөнінде видеолар әлеуметтік желіге тез тарап кетті. Өңірде не болғанын және оған жергілікті атқарушы органдар қалай әрекет еткенін Ulysmedia.kz тілшісі шолып шықты.
Жасөркен ауылынан тараған видео
Желіде тараған ақпараттарға қарағанда, кеше түнде Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында су тасыған. Түнде видео түсірген азаматтар ауылға су жайылып жатқанын жазысқан.
Әкімдік не дейді?
Облыс әкімдігінің ресми сайты өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл аталған ауылдың аумағын және оған іргелес аумақтарды тексергенін хабарлайды.
– Су деңгейі 40 см-ден 10 см-ге төмендеді. Суды айдау үшін елді мекеннің су басқан үйлерінің аумағында мотопомпалар жұмыс істеп жатыр. Тау бөлігіндегі көлбеу ағынды кері қайтару мақсатында 60-қа жуық техника жұмылдырылған. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. М. Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары уақытша онлайн білім алатын болады, – делінген хабарламада.
Облыстан тараған ресми ақпараттарға қарағанда, 15 сәуірде сағат шамамен 20.00-ден кейін толассыз жауын-шашынның салдарынан көлбеу ағын пайда болған. Салдарынан Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында 30-дан астам үй ауласының аумағын, оның ішінде бір тұрғын үй мен уақытша құрылыс нысанына су кірген. Адам шығыны, мал өлімі фактілері тіркелмеген.