Ақша

Сыртқы қарыз 160 млрд доллардан асты: Қазақстан оны қалай қайтармақ?

Өзбекстанның қарызы 40 млрд долларға жетті

Мемлекеттің борышы жалпы сыртқы қарыздың 11 пайызын құрайды. Бұл – 17 млрд АҚШ доллары. ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтында көрсетілген мәліметке сүйенсек, мемлекеттің сыртқы борышының жартысы, яғни 6 млрд доллары халықаралық ұйымдарға, үштен бірі Ұлыбританияға тиесілі. Ал 0,6%-ы – Қытай мен Ресейден алынған қарыз. Қалған 143 млрд доллар фирмааралық қарыз. Яғни, қазақстандық бизнестің шетелдік кредиторлар алдындағы қарызы. 

Бюджеттен қайтарылатын қарыз ел экономикасына қаншалықты салмақ түсіруі мүмкін? Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевпен сұхбат ұйымдастырды.

– Аға, елдің сыртқы қарызы жыл өткен сайын артып барады. 160 млрд доллар деген аз қаражат емес. Мұнша қаржыны Қазақстан қандай мақсатта алды?

– Қазақстанның қарызы дегенде екі түрлі түсінік пайда болады. Бүкіл Қазақстанның қарызы – 160 миллиард доллар. Бұл дұрыс. Бірақ еліміздің бюджетінен төленетін қарызы, яғни мемлекеттің мақсаты үшін жұмсалған қарызы оншалықты көп емес. Шамамен 17-20 млрд доллар арасында. Неге әр түрлі сандар шығады? Себебі мемелекеттік кәсіпорындарды кей уақытта қосуы, кей уақытта қоспауы да мүмкін. Мәселен «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазақалтын» деген кәсіпорындар өздері қарыз алып жатады. Өйткені олар жеке кәсіпорын. Сондықтан өздері алып, өздері құтылып жатады. Егер де олар төлей алмай қалатын болса, олардың қарыздары бюджетке өтуі мүмкін. Әлбетте ол мемлекеттік кәсіпорын болса. Сондықтан, біздің қарызымыз өзге елдермен салыстырғанда өте аз. Мәселен, көрші Өзбекстанның қарызы 40 млрд долларға жетті. Сондықтан, біздегі 160 млрд доллар қарыздың 20 млрд-ы мемлекеттікі десек, ақылға қонымды деуге болады.

– Ал қалған 140 млр доллар кәсіпорындарға тиесілі болғаны ғой? Мұнша қарызды қайтаруға ол компаниялардың мүмкіндігі жете ме?

– Қалғаны кімнің қарызы дегенге 3 негізгі кәсіпорындардың тобын айтуға болады.

Біріншісі, шетелдік инвесторлардың кәсіпорындары. Яғни Қашаған, Қарашығанақ, Теңізшевройл, Сименс деген компаниялардың бізде үлкен кәсіпорындары бар. Қашағанның өзі 40 млрд доллар болатын үлкен кәсіпорын. Онда Еуропаның 4 мемлекеті, сол сияқты Қытай мен Қазақстанның үлесі бар. Яғни, 6 үлкен үлескері бар. Оның ішінде Қазақстанға бар-жоғы 18 пайызы тиесілі. Сондықтан, қарызды қалған 82 пайызға ие шетелдік компаниялар төлейді. Нидерланд елінен неліктен инвестиция көп дейміз, өйткені Қашаған үшін қарыз алған. Оны сол Қашағанның жұмысымен төлейді. Оның біздің бюджетке салмағы жоқ, қарызды қайтарамыз деп кепілдік берген емеспіз. Сол сияқты шетелдік кәсіпорындармен бірлескен 2 мыңға жуық кәсіпорын бар. Олардың қарызы да сол шетелдік компаниялардың мойнында.

Екіншісі – коммерциялық кәсіпорындар. Өзін-өзі басқаратын бизнестің секторы. Олар да шетелден қарыз алады. Банкрот болып қиналып қалған кезде мемлекет тарапы қолдау көрсетуі мүмкін. Бірақ ешқандай келісімшарт, уәде берілмеген.

110 миллиард қарыз осы шетелдік компаниялар мен дербес жекешелендірілген компаниялардың қарызы.

Үшіншісі, еліміздегі қаржы ұйымдарының, қорлардың қарызы. Олар өздері үшін алып, біздің кәсіпорындарға таратқан. Сәйкесінше, қарызды кәсіпорындардың жұмысынан өтейді.

– Мемлекет сыртқы борышын қандай пайыздық мөлшерлемемен өтеп келеді?

– Бізге Дүниежүзілік банк, Еуропа даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі секілді халықаралық банктер қарыз береді. Өйткені, біз оларға мүшеміз, сол үшін жарна төлеп отырмыз. Бұл елдерден алған берешектің пайыздық мөлшерлемесі 1-2 пайыздан аспайды.

– Еліміздің сыртқы борышының көлемі жыл басынан бері 2,6%-ға азайған екен. Бұл шамамен 4,3 млрд АҚШ доллары. Біз бұл қарқынмен қазіргі 17-20 млрд доллар берешектен қашан құтыла аламыз деуге болады?

– Американың халықаралық валюта қорының ұйымдары негізі кедей елдерге қаржы береді. Біз қазір дамушы ел болғандықтан бізді тізімнен шығарып, қарыз беруді тоқтатты. Өйткені, біздің елді донор болуға жарамды деп отыр. Сондықтан сыртқы борышымыз азайып келе жатыр. Ал әлем банктерінің берген несиелері 20-30 жылға берілген. Сондықтан, одан мерзімінен бұрын құтылып кетудің ешқандай тиімділігі жоқ. Пайызы төмен болғандықтан, инфляцияның деңгейі тербелгеннен кейін, бізге төлеу әлдеқайда жеңіл болады.

– Фирмааралық қарызды кәсіпорындар неліктен шетелдік ұйымдардан емес отандық қаржы институттарынан алмайды?

– Ұлттық банкте, қорда ақшамыз көп. Бірақ ұлттық қордағы ақша шетел облигацияларына салынған. Өйткені ол сенімді бағалы қағаз. Сондықтан, бізде бос тұрған ақша айтарлықтай көп емес. Егер қаражаттың бәрін өзіміздің кәсіпорындарға беріп, олар банкрот болған жағдайда қордағы қаражатты жоғалтып аламыз. Сол себепті диверсификация жасаймыз.

– Қазақстанның сыртқы борышын уақытында өтей алмай, қаржылай қиналған кезеңі болды ма?

– Жоқ, болған емес. Себебі мұны реттейтін Ұлттық банкте 35 млрд доллар болатын алтын валюта қоры бар. Ұлттық қорымызда – 55 млрд доллар, зейнетақы қорында 30 млрд долларға жуық қаражатымыз бар. Ал сақтандыру қорында тұрған қаражат айтарлықтай көп емес. Бұл қорлар шетелден алынған қарыздың кепілі. Сол себепті берешекті қиналмай қайтара аламыз.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Другие новости

Back to top button