«Сыра ішіп, көлік тізгіндеді»: Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерімен төбелескен ер адамды полиция тоқтатпады
Жергілікті полиция әзірге ресми ақпарат берген жоқ
Түркістан облысында жәдел жәрдем қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетіп, соққыға жыққан ер адамның видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ер адамның қолында сыра бөтелкесі бар. Жедел жәрдем қызметкерлерін соққыға жыққаннан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері келеді. Алайда олар ер азаматтың әрекетіне қатысты ештеңе істемейді. Ер адам қолындағы сырасымен көлігіне отырып, жүріп кетеді. Оқиғаны видеоға куәгерлер түсіріп алған.
Бұл оқиға жайлы танымал заңгер Айгүл Орынбек жазды.
«Ақшаң болса қалтаңда, сыра ішіп, көлік басқарып талтаңда. Қараға жүретін заң, ханға жүрмейтіннің тағы бір дәлелі. Бәрінің көзінше полиция қызметкерінің қолын алып, көлік басқарып кетіп қалу – жемқорлықтың шегі. Қызметте жүрген дәрігерлерді ұрып соғып, ішіп алып көлік басқарғаны үшін полиция қызметкерлері жәй ғана жібере салғанын Мұрат Қабденов мырза қалай түсіндіресіз?», — деп жазды заңгер Айгүл Орынбек.
Видеоның астына Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов пікір білдірген.
«Бұл жайтты мен бақылауға алдым. Бейнежазбадағы ер азамат және хабарлама бойынша келген қызметкерлерге қатысты тексеру басталды. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз», — деді Мұрат Қабденов.