Абайская область

«Суреттен қинап өлтіргенін көруге болады»: Абай облысында зауытта көз жұмған азаматтың туыстары әділдік іздейді

Семей маңындағы «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясының алтын өндіретін кенішінде белгісіз жағдайда көз жұмған 35 жастағы жұмысшы Еркебұлан Болатовтың туыстары әділдік іздейді. Ер адам бір жыл бұрын жұмыс орнында көз жұмған. Ал компания өкілдері марқұмның жүрек талмасынан жан тапсырды деп айтса, туыстары оны зауыт ішінде біреулер азаптап өлтіргеніне сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Еркебұлан Болатов 2022 жылы қыркүйекте Семей қаласынан 80 шақырым жердегі ресейлік «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясының алтын өндіретін кенішіне бір айға вахтаға кеткен. Арада үш күн салып әріптестері марқұмның отбасына Еркебұланның жүрек ауруынан қаза тапқанын хабарлаған. Алайда марқұмның анасы компанияда 2,5 жыл бойы жұмыс істеген баласында жүрегіне қатысты еш шағым болмағанын айтады. Оның үстіне туыстары Еркебұланның бет-аузы мен денесіне қан ұйып, көгеріп келді дейді. Сондықтан бірден мәйітке тәуелсіз сараптама жасатып, кісі қолынан қайтыс болғанын дәлелдепті. Алайда, құзырлы орган өкілдері күдіктілерді таппай, істі созып келе жатқанын айтады.

“Балам зауыттың ішінде қайтыс болды. Суреттерінен-ақ оны біреулер қинап өлтіргенін көруге болады. Бірақ ресейлік «Алел» корпорациясы ұлымның кісі қолынан қаза тапқанын мойындамайды. Кінәлілер тиісті жазаларын алса дейміз. Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігі ұлымды өлтірген адамды тапсын. Олар неге әрекетсіз отыр? Бұл компания марқұм баламның перзенттеріне өтемақы төлесін. Материалдық шығынды өтесін”, – деді марқұмның анасы Фарида Қайырханова.

Ал еңбек инспекция сот-медициналық сараптамасын жасаған. Құрылған комиссия өкілі марқұм жарақаттарды жұмыстан тыс уақытта алғанын айтады.

“Комиссия Болатовтың өлімі жұмыс берушінің өндірістік қызметімен байланысты емес деген қорытындыға келді. Өйткені қызметкер вахталық әдіспен жұмыс істеп жүргенде ауысымаралық демалыс кезінде жарақат алған. Осыған байланысты азаматтың өлімі жұмыс орнымен байланысты емес деп хаттама толтырылды. Арнайы тергеу аяқталғаннан кейін материалдар тиісті шешім қабылдау үшін аумақтық полиция органына жіберілді”, – деп мәлімдеді Абай облысы еңбек инспекциясын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ниятқабылов.

«Алел» корпорациясының өкілдері сұхбат беруден бас тартқан. Қазір Абай облыстық полиция департаменті «Абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер бабы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Другие новости

Back to top button