Судья Қаржаубай Нұрымовқа соңғы ескерту жасады

Судья Ержан Жанұзақов сот процесі барысында жәбірленушілерден жауап алу кезінде сөзге араласқан Қаржаубай Нұрымовқа бірнеше рет ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін түске дейін сотта Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова мен анасы Гүлбара Бейшембиева жауап берді. Олар қанды түні көрген-білгенін айтты. Әжесін жауап алынғаннан кейін жедел жәрдем алып кетті, ал анасы түстен кейін жауап беруді жалғастырады.
Жәбірленушілер жауап беру кезінде Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бірнеше рет сөзге араласты. Гүлбара Бейшембаеваның жауабына көңілі толмаса керек. Бірнеше рет сөзге араласқаннан кейін судья Ержан Жанұзақов “мен сізге соңғы рет ескерту жариялаймын, егер сөзге тағы араласатын болсаңыз, сот залынан шығасыз, сіздің жауап беретін кезегіңіз келеді” деп ескерту жасады.
Қаржаубай Нұрымов сотта ашуға беріліп кетіп отыр. Оның бір себебі – отырған орындығының артында сотталушылардың аналары отырғаны. Олардың сотта айтылған әр сөзге байланысты пікірі Нұрымовтың ашуына тисе керек. “Бұл кісілерді басқа жерге отырғызыңыз немесе мүлде шығарып жіберіңіз” деп талап етті ол судьядан.
Сот түстен кейін сағат 14.30-да жалғасады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.