Социум

«Субсидия берілмей жатыр»: елімізде жұмыртқа қымбаттауы мүмкін

Құс өсірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің уәдесін орындамағанын айтады

Елімізде жұмыртқа қымбаттауы мүмкін. Жарты жыл бойы сала шығынға батып жұмыс істеген. Мамандар мемлекеттің қолдауын күтеміз деп жұмыртқаның бағасын ұстап тұрғанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Еліміздегі құс шаруашылығында еңбек ететіндердің 70 пайызы ауыл, аудандағы әйелдер болып отыр. Құс фабрикаларында 12 мың қызметкер жұмыс істейді.

Бір жылда ел тұрғындары 5 млрд дана жұмыртқа тұтынады. Ішкі нарықты тек отандық фермерлер қамтамасыз етіп отыр.

Қарағандыдағы құс фабрикасының өндіріс басшысы Дос Маханов фабрика тәулігіне 310 мың дана жұмыртқа шығаратынын айтады.

«Бірақ жағдай осылай жалғаса беретін болса, біз өндірісті қысқартуға мәжбүр боламыз. Айлықтың аздығынан қызметкерлер басқа салаға ауысып жатыр. Құс фабрикасы Астана, Қарағанды және Түркістан облыстарын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Бұл саланы қамтитын қондырғыларға да қыруар қаржы керек», — дейді ол.

Құс өсірушілер соңғы жылдары салада дағдарыс болып жатқанын айтады.

«Жыл сайын бөлінетін субсидия көлемі қысқара берді. Биыл мүлдем тоқтап қалды. Қазір 24 пайыздық несиемен қалдық. Субсидияны алып тастау құс өсіру саласына түбегейлі әсер етіп отыр. 12 мың қызметкер жұмыссыз қалса, қайда барады?», — дейді олар.

Құс өсіру саласының қызметкерлері АШМ басшысы Ербол Қарашөкеевтің 2022 жылы 12 желтоқсанда Мәжілістегі дөңгелек үстелде айтқан уәдесіне сенген.

«Қаңтарда бұл мәселені шешеміз. Қаражат бар. Орталықтандырылған трансферт арқылы берілетін субсидия көлемі белгіленген», — деген еді ол.

Сонымен қатар, құс өсірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет хат жолдаған. Бірақ, субсидияның ауылы әлі де алыс.

Другие новости

Back to top button