Атырауская область

Су тасқынынан кейін Атырауда маса қаптаған: Әкімдік қаланы уламаған

Атырауда маса қаптады. Су тасқынынан кейін қалада зиянкестер көбейген. Соның кесірінен жұрт далаға шыға алмай жүр. Әкімдіктегілер жәндіктерді улау биыл тым кеш басталғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір Атырауда күндіз  температура 40 градусқа жетеді. Аптап ыстықта маса қаптап, тұрғындардың мазасын қашырған. Кешкі уақытта терезе ашу мен далаға шығудан қалдық дейді жұрт. Сол үшін дәрігерлер зиянкес шаққан жерге арнайы жақпамай жағып, спрей қолдануға кеңес береді. Себебі маса инфекция таратуы мүмкін.

“Маса адамды шағу арқылы инфекция таратады. Тұрғындарға өзенге жақын жүрмеуге кеңес беремін. Өйткені зиянкестер суда көбейеді. Денеңіз бөртіп кетпеуі үшін міндетті түрде арнайы жақпамай жағу керек”, – деді дәрігер Архан Қамзин.

Жалпы масамен күрес наурызда басталуы тиіс еді. Алайда әкімдіктегілер қансорғыштарға қарсы дәрі шашатын компанияны әлі таппаған. Шенеуніктер халықтың шағымы көбейген соң демеушілерді тартуға мәжбүр болдық деп отыр.

“Маусымның 13-де конкурс қорытындысы белгілі болады. Жеңімпаз деп танылған мекеме барлық жұмыстарды атқарады. Бізде бекітілген кесте бар, соған сай жұмыстар жалғаса береді. Жайықтың көтерілуі масаның көбеюіне ықпал етіп отыр. Қалалық әкімдік демеушілерді тарту арқылы жұмыстарды жүргізіп жатыр”, – деп мәлімдеді Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторы бөлімінің меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Қала әкімдігі бюджеттен масаны улау жұмыстарына былтырғыдан екі есе көп қаржы, яғни 100 миллион теңгедей бөлуді жоспарлаған. Алдымен көпқабатты үйдің жертөлелері мен Жайықтың жағасы, сосын саябақтар дезинсекцияланбақ.

Другие новости

Back to top button