Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елдегі су тасқынына байланысты өңірлердегі ахуалды баян етті. 28 мамырдағы жағдай бойынша республикада 30 538 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саяжайдағы жалғыз баспанасынан айырылғандар көп
Бозымбаевтың сөзінше, негізгі тәуекелдер тұрғын үйлерді қалпына келтірумен байланысты болып отыр. Сондықтан өңірлердің әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алып, күнделікті негізде халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме берулері қажет дейді ол.
«Қазір республика бойынша су тасқыны салдарынан шамамен 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскелері зардап шекті, оның ішінде 5 353 саяжай үйлері жалғыз баспана. 28 мамырдағы мәліметке сәйкес, республика бойынша 15 093 үй мен саяжай үйлер техникалық тексеруден өткізілді — бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%. Бағалау жұмыстан тек 11 134 үй өтті – бұл 64% -ды құрап отыр», — дейді ол.
Әкімдіктердің салғырттығы бар
Үкімет басшысының орынбасары жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқынының төмендігін атап өтті. Сонымен қатар, техникалық тексеру және бағалау жұмыстары үйлестіріліп, барлық қажетті қорытындыларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұсынылуын қамтамасыз ету міндеті түр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, атап айтқанда тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құның бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланған. Ал Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын Бозымбаев ерекше атап өтеді. Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады.
Қанша үй салынады?
Бозымбаевтың сөзінше, алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес, жалпы ел бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтетін болады. 4 315 үй апатты деп танылған. Осыған байланысты өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталған, бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарланып отыр.
«Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет», — дейді ол.
Үкімет мүшелері осы бағыттағы жұмыс жалғасып, ерекше бақылауда тұрғанын айтады.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Ал, су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі Құлсары халқы бірнеше рет наразылыққа шыққанын хабарлаған едік. Кейін олар үй құны бойынша мәмілеге келді.