Госорганы

Су тасқыны: Қазақстан мен Нидерланд тарапы маман даярлау жөнінде келісімге келді

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі екіжақты меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжаттарға қол қою рәсіміне су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, бірінші вице-министр Болат Бекнияз және Нидерланд мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Николаас Схермерс қатысты.

Алғашқы құжат — Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастықты нығайтуға арналған.

Келісім тасқын суын реттеу мен пайдалануда тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзен ағындарын бақылауда Нидерландының тәжірибесін зерттеуді көздейді.

Дельфт су білімі институтымен (IHE Delft) қол қойылған екінші меморандумда су саласының мамандарын даярлау, су саласында ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылған.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Нидерланд мемлекетімен қарым-қатынасымыздың маңызды кезеңінде ынтымақтастығымыздың ауқымды және перспективалы жобаларды іске асыруға көмектесетініне, ал тәжірибе мен технология алмасу отандық су саласының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретініне сенімді екенін айтты.

Другие новости

Back to top button