Су тапшылығы: Қазақстан тәліптердің тілін таба алды ма

Астанада ARAL халықаралық саммиті өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияның «жасыл» партияларының өкілдері, осы елдердің парламентшілері, сондай-ақ Ауғанстан мен Моңғолиядан делегаттар, АҚШ пен Израиль өкілдері қатысты. Саммиттің басты тақырыбы Ауғанстандағы Қош-Тепа каналының құрылысы болды. Қатысушылар бұл жоба өңірдегі су балансының бұзылуына, климатқа, экологияға және тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан Қазақстан бұл мәселеде сырттан бақылаушы бола алмайды.
Талқылау үш сағаттан астам уақытқа созылып, қызу пікірталастармен өтті. Қатысушылар басты мәселе бойынша ортақ мәмілеге келді — әрекет бірлесіп жасалуы керек. Өйткені су енді жай ғана ресурс емес, қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Толығырақ — Ulysmedia.kz репортажында.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНДАЙ ҚАУІП ТӨНУІ МҮМКІН
Саммитке жиналғандар Қош-Тепа каналының құрылысы мәселесіне ерекше алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл өңірде су тапшылығына алып келуі мүмкін.
Ауғанстан саммитке үкімет атынан өкілін жіберді, бірақ Орталық Азияның экологтарымен диалогқа түсуге ниет білдірмеді. Басқа қатысушылар оған тікелей сөйлеген кезде де, Кабулдан келген қонақ үнсіз қалды.
Соған қарамастан, «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев журналистермен әңгімесінде Ауғанстан билігін сынға алу ойларында жоқ екенін алдын ала атап өтті.
— Біз диалог орнатқымыз келеді, сондықтан ғалымдарды шақырдық, олар қандай қадам жасау керек екенін айтып берсе дейміз. Мәселе мынада: Әмударияның 25-30% суы Ауғанстандағы каналға жіберіледі. Бұл жағдайда Өзбекстан мен Түрікменстанға су азаяды. Тиісінше, Өзбекстан Сырдарияның суын көбірек пайдаланатын болады — ал Қазақстанға су одан да аз тиеді, — деді Әміртаев.
ҚАУІПТІ БОЛЖАМДАР
Сонымен қатар, саммит қатысушыларын тек Ауғанстан каналы ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінің суды тиімсіз пайдалануы да алаңдатты.
Қырғызстандық депутат Эркин Бүлекпаев су тапшылығы Арал теңізінің жойылуына, ауыл шаруашылығының күйреуіне, балық шаруашылығының жойылуына, тіпті жұмыссыздықтың көбеюіне, жаппай көші-қонға, аурулардың таралуына және туу көрсеткішінің төмендеуіне әкелетінін мәлімдеді.
ҚОШ-ТЕПА — АРАЛ ҮШІН КАТАСТРОФА МА
Қазақстандық ғалым Болат Есекин бұл канал Аралды түбегейлі жояды деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ол бұл жағдайға афғандықтарды толық кінәлау дұрыс емес екенін атап өтті.
— Қош-Тепа — Аралға жасалып жатқан ең соңғы соққы. Бұл — Аралдың табытына қағылған соңғы шеге. Шын мәнінде, Ауғанстанды кінәлауға болмайды, олар дәл біз соңғы 30 жыл бойы істегенді жасап отыр. Біз де каналдар салып, суды өзімізге бұрып алдық. Қазір тағы да 200 жаңа бөгет салғымыз келеді. Мәселе — Аралға су жетпей қалғанында. Сондықтан Орталық Азия елдері БҰҰ-ның көмегімен Ауғанстанға ұсыныс жасап, қалған табиғатты сақтау үшін оларға су орнына азық-түлік пен энергия беруіміз керек. Ауғанстанға су жетпей қалғаны — біздің кінәміз, — деді ғалым.
«ӘЛІ УАҚЫТ БАР»
Биология ғылымдарының докторы Абай Сағитовтың пікірінше, Қазақстанның жағдайды түзетуге әлі де мүмкіндігі бар.
— Қазақстанда әлі уақыт бар, заманауи технологиялардың көмегімен суды ақылмен пайдалануға болады. Біз ормандар отырғызуымыз керек — олар жауын мен қарды тартады. Олар біздің экологиямызды қалпына келтіреді. Мысалы, Астананың маңында 120 мың гектар орман отырғызылды — бұл қазір елорданың «өкпесі». Егер біз бүкіл Қазақстан бойынша орман отырғызсақ, өте бай елге айнала аламыз, — дейді ғалым.
Ауғанстан туралы айта келе, Сағитов Есекиннің пікірімен келісті.
— Біз 70 жыл бойы не істедік — бөгеттер орнатып, каналдар салдық — қазір олар да солай істеп жатыр, — деп растады ол.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ulysmedia.kz тілшісі су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абраимовтан өткен саммиттің қорытындысы туралы сұрады.
— Диалог жүргізіп жатқан жоқпыз (Қош-Тепа каналын тоқтату бойынша). Бұл — жалпы мәселе. Біз бұл процестен алыстауға тырысамыз, дегенмен, бұл мәселе бәрімізге әсер ететінін түсінеміз, — деді ол.
Сонымен қатар, ол саммитте айтылған ақпаратты растап, Ауғанстандағы дау туғызған каналдың USAID гранттары есебінен салынғанын мәлімдеді.
Алайда құрылыс жалғаса ма, жоқ па — бұл туралы вице-министр білмейтінін айтты. Аслан Абраимов тек бір нәрсені ғана уәде етті: егер құрылыс жалғасатын болса, Қазақстан келіссөздерге қосылатын болады.