ГлавноеГосорганы

Су қоймаларын салуға шетелдік инвесторларды тартуымыз керек – министр

Министрлік үшін басым міндет — су қорын сақтау

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) қорының бас атқарушы директоры Марат Төлебаевпен кездесіп, еліміздің су саласына шетелдік инвесторларды тарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Марат Төлебаев осыған дейін қор туризм саласындағы жобалармен айналысқанын атап өтті. Су үнемдеу мен оны тиімді пайдалану қажеттілігі  артқанын ескере отырып, KIDF су саласындағы жобаларды жүзеге асыруды  қолға ала бастады. Мәселен, Көкшетау қаласында кәріз тазарту құрылыстарын салуға шетелдік капиталды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл суды қайта пайдалануға және суармалы жерлерге ауыз суды шығындамауға мүмкіндік береді.

Нұржан Нұржігітов бүгінгі таңда министрлік үшін басым міндет — су қорын сақтау екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға қарай қосымша 4 текше шақырым су жинау үшін бүкіл ел бойынша жаңадан 20 су қоймасын салу міндеті тұр. Министр KIDF өкілдерімен су қоймаларының бірін салуға шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндігін талқылады.

«Біздің министрлік қазірдің өзінде кейбір жобалар аясында Дүниежүзілік банк секілді халықаралық қаржы институттарымен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр. KIDF-пен бірлескен жұмыс шетелдік серіктестеріміздің тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біз жүзеге асырып жатқан жобаларға шетелдік инвестицияны тарту Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өткім келеді», — деді Нұржан Нұржігітов.

Другие новости

Back to top button