Су астында және құрлықта: Алматыда маржандар мен сирек жануарлар туралы фотокөрме ашылды

Алматыда «Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» атты фотокөрме ашылды, аталмыш көрмеге Қазақстанның маржан рифтерін, су экожүйелерін және сирек жануарларын қорғау арқау болды. Көрме халықаралық ғалымдар мен қазақстандық зерттеушілердің теңіз тіршілігінің осалдығын және биоәртүрлілікті сақтаудың маңыздылығын көрсететін фотожұмыстарын біріктіреді.
Көрмені Canon компаниясы ҚР Зоология институтының және Гидробиология және экология институтының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара Canon компаниясының, британдық Coral Spawning International зертханасының және Сейшел аралдарындағы Nature Seychelles табиғатты қорғау ұйымының бірлескен бастамасы болып табылатын «World Unseen: Coral Matchmaking» ғаламдық жобасы аясында өтті.
Көрме келушілерді су асты әлеміне — Үнді мұхитының маржан рифтерінен Қазақстан суайдындарына дейін — саяхаттатып, планетаның табиғи тепе-теңдігі тәуелді экожүйелердің нәзіктігін көрсетеді. Фотосуреттер, ғылыми оқиғалар және заманауи технологиялар арқылы келушілер әдетте су астында жасырынған әлемге «сүңгу» мүмкіндігіне ие болады.

Көрмеде келушілерге зертханада өсірілген маржандардың фотосуреттері көрсетілді. Coral Spawning International ұйымының тең негізін қалаушы және теңіз биологы Джейми Крэггстің өз зертханасында маржандар уылдырық шашатын табиғи жағдайлардың барлығын қайталау қолынан келді. Нәтижесінде Лондон көшелерінің бірінде сансыз жабдық мен аквариум орналасқан шағын бөлмеде маржандар көбейе бастады. Содан кейін зертхана Сейшел аралдарында тағы бір «филиалын» ашты. Оны Nature Seychelles ұйымы Маржандарды қалпына келтіруге көмек көрсету бағдарламасы (ARC) аясында салған.
Зертхананың алдында генетикалық тұрғыдан әртүрлі төзімді маржан түрлерінің банкін қалыптастыру міндеті тұр. Көбеюді бақылауда ұстау түсін сақтайтын және климаттың қолайсыз өзгерістерінің әсеріне қарамастан тіршілік ете беретін және көбейе алатын жаңа маржандарды шығаруға көмектеседі. Бұл өз кезегінде маржан рифтерін қалпына келтіруге және қорғауға ықпал етеді.
Теңіз биологы Джейми Крэггстің айтуынша, ғылым мен заманауи көрнекілеу технологияларының үйлесімі оң нәтиже берді:
«Canon компаниясының көрнекілеу технологиялары маңызды рөл атқарып, бізге маңызды көбею процестерін бұрын тек арман болған айқындықпен бақылауға мүмкіндік берді. Сондықтан енді біздің басты назарымызда зертханада өсірілген жас маржандарды рифке тікелей қондырудан бастап генетикалық тұрғыдан әртүрлі маржандардың тіршілікке қабілетін бақылауға дейінгі межелі кезеңдерге жету болады», — дейді Джейми Крэггс.
Алғашқы нәтижелер көңіл қуантады, себебі, шамамен 65 000 жас маржанның жабысып, тамырланып жатқаны тіркелді, яғни Сейшел аралдарындағы рифтердің генетикалық әртүрлілігі мен жылуға төзімділігін арттыруға әбден болады деген сөз. Бұл әдетте генетикалық жағынан бірдей маржандар шығаруға әкелетін дәстүрлі «маржан өсіру» әдістерінен бас тарту арқылы мүмкін болды.
Canon компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Марал Рахимжанова атап өткендей, жоба аясында ғалымдар Праслен аралында арнайы ашылған жер үсті зертханасында маржандардың алғаш уылдырық шашуына қол жеткізді.
«Бұл — көп жылдан бері келе жатқан бірегей жоба. Мен сонша адамның жұмысының жемісімен бөлісетін уақыт келгеніне қуаныштымын», — дейді Марал Рахимжанова. «Қазақстанда адамдар маржан рифтерін қалпына келтіру тақырыбына күмәнмен қарайтын шығар, өйткені біздің елде теңіз жағалауы жоқ қой. Рифтердің жойылуы бізге еш әсер етпейтіндей болып көрінеді. Бірақ мүлдем олай емес. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Теңіз экожүйесінің 30%-ға дейіні рифтерде шоғырланған. Маржандармен симбиозда өмір сүретін балдырлар фотосинтез арқылы оттегін бөледі. Біз әрбір екінші тынысымыз үшін мұхитқа қарыздармыз. Сондықтан жобаның жетістіктерін отандастарыммен бөлісу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын».
Қазақстан Республикасы Зоология институтының бас директоры Роман Ященко теңіздегі биоалуантүрлілікті сақтау тақырыбы тек жағалауда орналасқан елдер үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан сияқты құрлық ішіндегі мемлекеттер үшін де аса маңызды екенін атап өтті. Себебі мұхит жаһандық климаттық жағдайларды қалыптастырып қана қоймай, барлық құрлықтық экожүйелерге әсер етеді.
«Сейшель аралдары да, мұхиттар да бізден алыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың жануарлар дүниесін сақтау Қазақстан үшін де өте маңызды. Өйткені Әлемдік мұхит еліміздегі климат пен табиғи тепе-теңдікке тікелей ықпал етеді. Бүгінгі көрмеде тек кораллдар ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар да ұсынылған», – деді Роман Ященко.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан фаунасындағы шамамен 200-ге жуық жануар түріне әртүрлі деңгейде жойылып кету қаупі төніп тұр. Институт қызметкерлері Қазақстан жануарларының фаунистикалық алуантүрлілігін зерттеп, еліміздегі түрлік және экожүйелік әртүрлілікті сақтау бойынша түрлі шаралар ұсынуда.
Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанованың айтуынша, маңызды экологиялық сын-қатерлер Каспий аймағы үшін де өзекті.
«Біз Каспий итбалығының тіршілігін, соның ішінде оның тіршілік ортасын, популяциясына әсер ететін негізгі қауіптерді және факторларды зерттеп жатырмыз. Бұл түр Каспий теңізінің экожүйесінде маңызды рөл атқарады, оның жойылып кетуі қоршаған ортаның тепе-теңдігі бұзылуына әкелуі мүмкін», — деп атап өтті ол.
Көрмеде ҚР Зоология институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Малахов пен ҚР Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанованың; табиғат фотографы Владислав Якушкиннің; бёрдвочер Геннадий Дякиннің жұмыстары, сондай-ақ дизайнерлер Владимир Тимоханов пен Тимофей Банников жасаған сирек кездесетін балықтардың иллюстрациялары қойылған.
Көрмеде зертхана жағдайында өсірілген Акропора маржанының бедерлі фотосуреті ерекше орын алып тұр. Бедерлі фотосурет бірегей, өйткені осы іспеттес басып шығару технологиялары көру қабілеті бұзылған адамдар үшін өнер туындыларын тактильді, яғни қолжетімді етеді, себебі, олар суретті қолмен ұстап, сезіне алады. Сонымен қатар көрмеге келушілер виртуалды шындық технологиясының көмегімен су асты әлеміне сүңгіп, маржан рифтерімен «жүзе» алады.
«Көзге көрінбес әлем: су астындағы қала» тек көркемсурет көрмесі ғана емес, сонымен қатар экожүйелердің нәзіктігін және биоәртүрлілікті сақтау тек ғалымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін еске салатын ғылыми-ағарту жобасы.
Көрме 2026 жылдың 2 сәуірінен 2 маусымына дейін Алматыдағы «Forum» сауда орталығында өтеді. Кіру тегін.




