Северо-Казахстанская область

СҚО-да су құбырын тартпақ болған компания ауыл ішін қазып, сол күйінде қылдырып кетті

12 шақырымдық желіге бюджеттен 1 млрд 78 млн теңге бөлінген

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылына су құбырын тартпақ болған мердігер көше бойын қазып, сол қалпында тастап кеткен. 12 шақырымдық желіге бюджеттен 1 млрд 78 млн теңге бөлінген болатын. Бүгінде тұрғындар үшін таза су емес, бала-шаға мен төрт түліктің амандығы қайғыға айналған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«КҮНДІЗ-ТҮНІ БАЛАЛАРДЫ АҢДИМЫЗ…»   

Тұрғындардың айтуынша, шұңқыр сәуір айында қазылған. Әлі күнге ашық жатыр. Тереңдігі 3 метр орға сиыр да түсіп кеткен. Ауыл тұрғындары жиналып, әрең алып шыққан. Енді көпшілік бала-шаға үшін алаңдайды. Солардың бірі — Қалияқпар Кәкей. Ол 30 жылдан бері осы ауылда тұрады. Көктемнен бері күндіз-түні уақыты немерелерін аңдумен өтетінін айтады.

«Келді, қазды, кетті. Ертең қыс түседі. Бәрі қардың астында қалады. Сосын тау болып үйілген топырақтың бәрі сумен сай-салаға ағады. Ал шұңқырлар суға толады. Бір жағынан бізге сапалу су керек. Оны көптен бері әкімдіктен сұрап, күтіп жүрмыз. Екінші жағынан мемлекеттің ақшасы желге ұшып кете ме деп алаңдаймыз. Оған ешкімнің жаны ашып жатқан жоқ. Бұның соңы жақсылыққа апармай ма деп қорқамын. Орға адам түскеннен сақтасын. Балалар көшеде ойнайды, велосипед тебеді. Біреуі құласа не болмақ? Ашық-шашық жатыр бәрі»,  — дейді ауыл тұрғыны Қалиақпар Көкей.

Мәншүк Зардхан – үш баланың анасы. Ауылдағы шаруашылықтардың бірінде қызмет етеді. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Ойын балалары көшеде емін-еркін қозғала алмайды.

«Көктемнен бері шұңқырлар ашық жатыр. Жаңбыр жауса батпақтың барлығы сумен үйге ағады. Жел болса, қара шаңы көтеріледі. Өткенде сиыр түсіп кетіп, әйтеуір аман-есен қалды. Жұмысшыларға бірнеше рет айттық. Жабайын деп отырған жоқ. Жұмыс аяқсыз қалды. Жалпы ауыл тұрғындары ешкімге керек емес пе деп ойлап қаласың. Осында бидай қоймасы бар. Үлкен-үлкен жүк көліктері жүреді. Ал мектептің алдында жаяу жүргінші жолағы жоқ. Өткенде баламды жүк көлігі соғып кете жаздады. Алла сақтап қалды. Әлі күнге дейін қорқынышым басылмай жүр. Ауылда интернет те жоқ. Желі мектептің өзінде дұрыс алмайды. Балаларға сабақ оқу керек. Электронды күнделікке кіру керек. Оның өзіне кіру мұң. Биыл үлкен қызым университетке түсті. Дайындалу барысында инернеттің болмағанынан біраз қиналды», — дейді ауыл тұрғыны Мәншүк Зардхан.

ЖҰМЫСТЫҢ ТОҚТАУЫНА ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕБЕП

Ал мердігер компания өкілдері жобаның екі жылға жоспарланғанын алға тартып отыр. Айтуларынша қазылған шұңқырдың дер кезінде жабылмауына құрылыс материалдарының тапшылығы себеп.

«Біз жұмысты тастап кеткен жоқпыз. Бәрі жоспарға сай жүріп жатыр. Біз нысанды келер жылы тапсыруға міндеттіміз. Әлі уақыт бар. Шұңқырды қазуын қаздық, бірақ жаба алмай отырғанымыз рас. Себебі бетоннан жасалған дөңгелектер болмай жатыр. Шағын ғана кәсіпорыннан алып келгенбіз. Қазір тапсырыс көп, жұмыстың қызған шағы. Шығарып үлгермей жатыр. Шұңқырды арнайы лентамен қоршап қойдық. Оны мал мен бала-шаға үзіп кете береді. Бас мердігер -«Миллиратор» серіктестігі. Біз көкшетаулық мердігер компаниямыз. Бастаған істі соңына жеткіземіз. Оны тастап кетті деуге болмайды. Біздің келісім шартымыз бар», — дейді құрылыс алаңының басшысы Жасұлан Тұрғанбаев.

Амандық ауылдық округінің әкімдігі де мердігерден шұңқырларды жабуды талап еткен. Сөз жүзінде берілген уәде бірнеше айдан бері орындалмай келеді.

ТҰРҒЫНДАР ТАЗА СУҒА ЗӘРУ

 «Бұл жоба екі жылға арналған. Биыл басталып, 2023-ші жылы аяқталуы тиіс. Бюджеттен 1 миллиард 78 миллион теңге бөлінді. Биылдыққа 500 миллионы бөлінді. Көршілес Амандық ауылынан 12 шақырым су құбыры тартылады. Мердігермен сөйлесіп, шұңқырларды тезірек жабу қажеттігін айттық. Олар келісім бергенімен, әлі күнге орындаған жоқ. Дегенмен жұмыс мүлде жүріп жатқан жоқ деп айтуға болмас. Техника ауылдың басқа жағында жүр. Ауылда ескі су бағаны бар. Бірақ оған халықтың шағымы көп», — дейді Амандық ауылдық округінің әкімі Нариман Тасымов.

Ильичевка ауылы облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірлерден бірнеше отбасы көшірілді. Қазір елдімекендегі халық саны көбейген. 150 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

«Мердігердің мына түрімен су құбыры 2023 жылы істеліп болса игі. Сеніміміз жоғалды. Бәрін осылай қалдырып кеткеніне қарағанда ауыл тұрғындары істі соңына дейін жеткізбей ме деп уайымдап жүр. Мәселені жергілікті билік өкілдеріне талай айттық. Жылдар бойы сапалы тіршілік нәрін күтіп келеміз», — дейді Мәншүк Зардхан.

Су тартуға арналған жоба бойынша орталықтандырылған құбыр әр үйге тартылуы тиіс. Әзірге тұрғындар ауыз суды ауылдағы бірнеше құдықтан тасып ішіп отыр. Мал шаруашылығы мен бау-бақшаға да сол тіршілік нәрін пайдаланады. Оның сапасы көпшілік көңілінен шықпайды.

 

Другие новости

Back to top button