Северо-Казахстанская область

СҚО-да бір тәулікте 400-ден астам баспана су астында қалды

Солтүстік Қазақстан облысында су басқан үйлердің саны 2122-ге жетті. Тасқын су кірген елді мекендердің саны артып келеді.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте 436 үйге су кірген. Ең көп зардап шеккен петропавлдықтар – 1105 үй су астында қалды. Қызылжар ауданында 867 баспана суға кетті.

Тасыған Есіл өзенінің суы төмен қарай кетіп барады. Өткен тәулікте тасқын су Соколовка, Вишневка, Ольшанка, Большая малышка елді мекендеріне кірді. Мұндағы тұрғындарды жедел түрде эвакуациялауға тура келді.

Жалпы қазіргі таңда қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың саны 10 345 адамға жетті. Оның 3 мыңы өткен тәулікте эвакуацияланды. 10 мыңға жуық адам туған-туыстарын паналаған.
Үй жануарлары да қауіпсіз жерге шығарылып жатыр, олардың жалпы саны – 4 мыңға жуық.

Су тасқыны басталғалы өңірде жол учаскелерін 69 рет шайды. Қазіргі уақытта 17-сінде су жатыр, оның алтауы – республикалық маңызы бар автожолдар.

Петропавлға кіре берістегі «Жезқазған-Петропавл» А-16 автожолының 954 км-нің жарты шақырымын су басты. Тереңдігі – 75 см. Қазір бұл жерде тек жүк көліктері ғана өтіп жатыр.
«Челябі-Новосібір» М-51 халықаралық маңыздағы автожолдың 527-529 км су басты, ұзындығы 2 км, тереңдігі 210 см асып кетті.

Республикалық маңызы бар Р-49 Петропавл айналма жолының 3-8 км, ұзындығы 1 км, тереңдігі метр және осы жолдың 11-14 км – ұзындығы жарты км, тереңдігі – 25 см – суда қалды.

СҚО-да қауіпті жағдай әлі де сақталған. Сергеев су қоймасында су деңгейі өткен тәулікте -29 см-ге түсті, қазір шамамен 152 % толған.

Петропавл су қоймасының деңгейі көтеріліп келеді. Өткен тәулікте 57 см-ге көтеріліп, 114,78% толды.

Бұған дейін екі тәулік су беру тоқтап қалған Петропавлда сумен қамтудың қалпына келтірілгенін айтқан едік.

Сондай-ақ, Петропавлда құтқарушылар су басқан аумақтан үй жануарларын шығарып жатыр.

Другие новости

Back to top button