Спорттық санатты беру нормасы мен талаптарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарық көрді

Спорттық атақ, разряд, біліктілік санатын беру нормасы мен талаптарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарық көрді, деп хабарлайды Ulyssport.
Спорттық атақтар мен разрядтарды беру аккредиттелген спорт федерацияларының ұсынысы негізінде жүзеге асырылады. Жүйені жетілдіру мақсатында өңірлік спорт мекемелерінің сала мамандары, мемлекеттік жаттықтырушылар мен федерация өкілдері енген жұмыс тобы құрылды. Аталған топ жұмысы әр спорт түрін егжей-тегжейлі қарастыруды және қолданыстағы реестрге сәйкес өзгерістерді келісуді қамтыды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін спорттық атақтар мен разрядтарды беру олимпиадалық, паралимпиадалық, ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жіктеліп, жалпы талаптар бойынша жүзеге асырылды. Жекелеген нормалар 42 түрі бойынша қарастырылған болатын.
ЖАҢА БҰЙРЫҚ
Жаңа бұйрық жобасында бұл сан 163-ке дейін көбейтілді, оның ішінде:
• Олимпиадалық – 46
• Қысқы Олимпиадалық – 14
• Паралимпиадалық – 20
• Сурдлимпиадалық – 5
• Ұлттық – 12
• Олимпиадалық емес спорт түрлері – 66
ӨЗГЕРІСТЕР
Бұйрық жобасындағы негізгі өзгерістер:
1. Жоғары дәрежелі атақтарды беру тәсілдерін жаңарту:
— Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша еңбек сіңірген спорт шебері мен еңбек сіңірген жаттықтырушылар үшін әлем чемпионаттарында үш мәрте бірінші орын алу талаптары екі рет бірінші орын алу талаптарымен ауыстырылды.
— Олимпиадалық спорт түрлері бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушылар үшін 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында 1-орын алу мүмкіндігі қосылды (еркін, грек-рим және әйелдер күресі бойынша), бұл халықаралық деңгейде осы жарыстардың мойындалуын ескере отырып жасалды.
2. Жаттықтырушының спортшыға қатысы бар-жоғын растау:
— Жаттықтырушының спортшыны даярлауға қатысы барын растау бойынша нақты талаптар енгізілді. Егер спортшы Қазақстан ұлттық құрамасында болса, спорттық ұйымның бұйрықтары, спортшының келісімі, ҰОК немесе спорт федерациясының анықтамасы және уәкілетті органның комиссиясының қорытындысы ұсынылуы қажет.
3. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша халықаралық атақтар:
— «Халықаралық спорт шебері» атағын алу үшін спортшыға Әлем чемпионаттары екі жылда бір рет өткізілетін спорт түрлерінде 1–3 орын алу жеткілікті. Алайда қатысушы елдер саны 20-дан кем болмауы және кемінде үш кездесу өткізілуі қажет.
4. Ересектерге арналған спорттық атақтар бойынша талаптар нақтыланды:
— «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын алу үшін республикалық турнирлерде 10 және одан да көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың спортшылары қатысуымен кемінде үш жекпе-жек өткізу қажет.
— Сондай-ақ халықаралық турнирлерде кемі 5 мемлекеттің өкілі болуы керек.
— Сонымен қатар спортшы халықаралық немесе республикалық турнирлердің бірінде 1-орын алуы тиіс және екі жыл ішінде нәтижесін (1–2 орын) растауы керек. Бұл талаптар еркін, грек-рим, әйелдер күресі, дзюдо, бокс және қазақша күрес спорт түрлеріне қатысты.
5. Балдық бағалау жүйесін енгізу:
— Аккредиттелген спорт федерациялары әзірлеген бірқатар спорт түріне арналған балдық бағалау жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе спортшылардың тек жүлделі орындарын ғана емес, жалпы деңгейін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл өзгеріс осы спорт түрлерінде атақтар мен разрядтарды беруде нақты дәлдік пен объективтілікті қамтамасыз етеді.
Жұмыс ауқымына байланысты бұйрық жобасы ұзақ уақыт дайындалды. Себебі жоба 163 спорт түрін қамтып, 1200-ден астам беттен тұрады. Оны дайындау үшін салалық ведомстволар мен заң қызметкерлерінің келісімі кезең-кезеңмен талап етілді. Министрлік өзегерістердің дәлдігіне, құқықтық тұрғыдан дұрыс болуына және мемлекеттік тіркеуге сапалы дайындап жіберілуіне ерекше назар аударды.
Наурыз айында бұйрықтың жаңартылған жобасы бойынша федерациялармен пысықтау жұмыстары аяқталды. Жаңартылған бұйрық жобасы ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтында және ашық НҚА платформасында жарияланды.