Созылмалы шаршау деген не?
Дәрігерге барған кезде науқастар көбінесе шаршау және жалпы әлсіздік барын айтып, шағымданады.
— Көптеген адамдар «созылмалы шаршау» туралы айтады, бірақ біраз демалған соң олардың жағдайы айтарлықтай жақсарады да дәрігерлерге қайта жүгінбейді. Созылмалы шаршау синдромы (CFS) көптеген адамдарда әлсіздік түрінде пайда болуы мүмкін. 6 айдан аса уақытқа созылатын симптомдық белгі адамның өмір сүру салтына кері әсер етеді. Бұл әртүрлі жағдайда байқалады және кейде есебептері түсініксіз дейді — Ұлттық госпитальдің салауатты өмір салтын ұстану бойынша маманы, дәрігер Флюра Смайылова.
«Созылмалы шаршау синдромы» терминін алғаш рет 1988 жылы ауруларды бақылау орталықтары (CDC, Атланта, АҚШ) қолданған. Бұрын бұл жағдай әртүрлі атаулармен сипатталған. Жалпы әлсіздік, көңіл-күйдің төмендеуі, созылмалы бруцеллез және нейроциркуляциялық дистония сияқты белгілер болады. CFS ерекшелігі — бұл жағдайдың инфекциялық, гормондық, иммунологиялық немесе психологиялық себептері сенімді түрде анықталмаған. CFS дамуының себебі, Эпштейн-Барр вирусы да, Лайма ауруы да, кандидоз да, цитомегаловирус да емес екендігі дәлелденді. Көптеген зерттеушілер синдромның этиологиясын көп факторлы деп санайды. Оның ішінде генетикалық бейімділік, микробтардың әсері, токсиндер, басқа физикалық әсерлер немесе эмоционалдық жарақат бар. Созылмалы шаршау синдромы – бұл үлкен қалалардың тұрғындарына тән. Онда адамдарға әр қадам сайын тітіркендіргіш факторлар (кептеліс, қатты дыбыстар, жарқын плакаттар, жарықтандырылған жарнама құрылымдары, ластанған ауа және т.б.) әсер етеді. Мұндай жағдай шаршауға, шамадан тыс жұмыс істеуге, күйзеліске, ашулануға және соның салдарынан созылмалы шаршау синдромына әкеледі. Ауру көбінесе 30-40 жаста дамиды. Бұл ауруға әйелдер ерлерге қарағанда 2 есе жиі шалдығады- дейді СӨС дәрігері Флюра Смайылова.
Ресми дерек көздері дәрігерлердің де 15 пайызы күйзеліске тап болатынын, 16 пайызы суицидке баратынын, 27 пайызының емделушілермен жанжалдасатынын анықтаған. Кіші медицина қызметкерлерінің 44 пайызында жиі жан күйзелісі болса, 64 пайызы ешқандай көмекке жүгінбей үнсіз қалады екен.
Осы тақырыпты зерттеп жүрген С.Асфендияров атындағы ҚҰМУ –нің резидент терапевті Лағыл Арманқызы Байтұрған созылмалы шаршау синдромының көріністеріне төмендегі белгілер жататынын айтады: жиі қайталанатын бас ауруы және бұлшық , буын ет ауруы, иммундық жүйенің нашарлауы, жиі суық тию және ұйқышылдық жатады.
Бұлар төзімді физикалық және психикалық жүктемелерге байланысты емес және дұрыс демалудан кейін де кетпейді. Түнгі ұйқыдан немесе күндіз ұзақ тынығудан кейін де күш-қуаттың болмауы, жағымсыз көңіл-күй, қарқынды физикалық жүктемеден кейін де түнде тез ұйықтай алмау, таңертең оянудың қиындауы , сағат қоңырауына тұра алмау, мойын мен қолтық астындағы лимфа түйіндерінің қабынуы және көлемінің ұлғаюы, кез келген тітіркендіргіштерге аллергиялық реакция.
Алдын ала факторлар: тұрақты психологиялық шиеленіс, күйзеліс, мазасыздық, физикалық шамадан тыс жүктеме, тағамдық аллергия; тамақтану бұзылуы немесе артық тамақтану, рационда витаминдердің, микро- және макроэлементтердің болмауы, жағымсыз әдеттер, таза ауаның жетіспеуі, ұйқының бұзылуы, қоршаған орта, әсіресе мегаполистердегі ластанған ауа, ағзаның қорғаныс қабілетінің төмендеуіне әкелетін ауыр созылмалы аурулар, организмге вирустардың теріс әсері – энтеровирустар, ретровирустар, Коксаки вирусы, С гепатиті, цитомегаловирус, Эпштейн-Барр вирусы және т.б.
Созылмалы шаршау синдромын қалай емдеуге болады?
— Созылмалы шаршау синдромын емдеу қорғаныс режимін сақтаудан, психоэмоционалды стрессті азайтудан және ұйқыны қалыпқа келтіруден басталады. Ұзақ уақыт шипажайда демалу, қалпына келтіру процедуралары, массаж, жүзу немесе жеңіл гимнастика ұсынылады. Жүктемені бірте-бірте арттыратын емдік жаттығулар шаршауды азайтуға көмектеседі. Мазасыздықты азайтады, шиеленісті жеңілдетеді және әлеуметтік бейімделуді жақсартады. Тағы бір тиімді емдеу әдісі — психотерапия. Ол адамның күйзеліске төзімділігін дамытуға, шындықты қабылдауға, эмоционалдық реакцияларды түзетуге бағытталған дейді СӨС дәрігері Флюра Комунақызы.
Егер CFS патологиялық белгілері ұзақ уақыт бойы сақталса, емдеуші дәрігер симптомдарды жеңілдету үшін қосымша препараттарды тағайындады. Көңіл-күйді тұрақтандыру үшін антидепрессанттар, мазасыздықты жою үшін транквилизаторлар, ұйқының сапасын жақсартатын таблеткалар, ауырсынуды басатын дәрілер.
-Созылмалы шаршау синдромының алдын алу және ұсыныстары: салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, ұйқы режимін сақтау, жатын бөлмеде қажетті жағдайларды сақтау (қараңғылық, тыныштық, температура және ылғалдылық), шамадан тыс психоэмоционалды және физикалық стрессті болдырмау, кофеин мен энергетикалық сусындарды тұтынудан аулақ болу, өзіңіз жақсы көретін тұрақты іс-әрекеттер, әуес істер, серуендеу, позитивті ойлау дейді -С.Асфендияров атындағы ҚҰМУ –нің резидент терапевті Лағыл Байтұрған. Сонымен қатар, егер сізде созылмалы шаршау синдромы болса ішімдікті, темекі шегуді дереу тоқтату керек. Олар сіздегі шамадан тыс ауыртпалықты жеңуге көмектеспейді, керісінше шаршау синдромы ағымын одан әрі күшейтеді. Ең бастысы, ауыр патологияны бастапқы кезеңінде қолға алыңыз. Егер шаршау жағдайы ұзаққа созылса дәрігермен кеңесіп, терапиялық шаралар кешенін белгілеу үшін тексеруден өту керек.