Нур-Султан

«Сөзіне сеніп қалдық»: Астаналық тұрғындар депутат-блогер жарнамалаған үйдің сапасына шағымданды

«Қызыл-жасыл жарнамаға алданып опық жеп отырмыз». «Тапқан-таянғанымызға үй аламыз деп, ақшамызды босқа құрттық» деген астаналық бір топ тұрғын жаппай шағымданып жатыр. Елорданың төрінен «комфорт плюс» санатындағы пәтер сатып алған астаналықтардың үйдің сапасына көңілі толмайды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Құрылыс компаниясы әдемі суреттерді көрсетіп, жеме-жемге келгенде, ұсқынсыз пәтердің кілтін ұстатқан. Одан қалды, бұл тұрғын үй кешенін белгілі блогер, қазіргі депутат жарнамалаған.

Жаңа вокзалға барар жолда салынған әдемі үйлерден көз сүрінеді. Солардың бірі – «Байтұрсын» кешені. Сыртқы келбетіне сөз жоқ. Ал біз барғаннан тұрғындар шағымын айтып тауыса алмады. Бір жыл күтіп алған пәтеріне ешкімнің көңілі толмайды. Қалай жамасақ та, жыртығы бітер емес, деп ашулы.

“Бұл үй бізге «комфорт плюс» деп сатылған. Қазір бәрін көрсетеміз. Міне, 12-13 см шығып тұр, бұл ең көп дегенде төрт-бес сантиметр болу керек. Бұған эконом жасаған ба, жай ғана көбік құйып кете салған. Міне, бұрандамасы ұсталып тұр”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Дауылов.

Салымшылардың шағымы шаш-етектен. «Экономға» жоламай, бизнес санатқа жақын пәтер алғысы келгеннің бәрі таңдаудан қателескенін кейін біліп жатыр. Көпқабатты үйдегі лифтінің жыры бір бөлек. Ішінде адам қалып қояды, ашылмай қалады, үйге жиһазды баспалдақпен көтеруге мәжбүр. Өйткені тым кішкентай, стандартқа сай келмейді.

“Біз мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасына шағым айттық, Матулла мырзаға. Ол кісі: «сен подьезде жасайсың ба, саған подьезд не үшін керек, лифт істемесе, жаяу көтерілу үшін керек» деді”, – дейді Нұрсұлтан Дауылов.

Тұрғындар үйдің құрылысына риза емеспіз деп қаншама рет айтып, көрсетсе де, ештеңе өзгерген жоқ деп өкпелі. Алайда компания өкілі бәрінің құжатқа сай, уәде етілгендей жасалғанына сенімді. «Арыз да аз» — дейді.

“Уәде берілген қабырғаны, төбені түзедік. Мемлекеттік сараптамада көрсетілген барлық пункт орындалды. Қазір тұрғындарға подьезд ішін дұрыстауға кірістік деп чат арқылы хабар бердік. Өйткені осыған дейін пәтер ішіндегі құрылыстың біткенін күттік. Тамызға дейін жұмыс жүреді. Үй өз санатына сәйкес”, – деп түсіндіреді «GBG» компаниясының жоба менеджері Сағынай Жиенбеков.

Шағымын айтып тауыса алмаған жұрттың бәрі «жарнамаға сендік» деп қапалы. Мұндағының көбі блогер Дәулеттеннің оқырманы екен. Ол қазіргі Мәжіліс депутаты – Дәулет Мұқаев.

“Ол кісі «GBG» компаниясының тұрғын үй кешендеріне жарнама жасап еді. Солардың ішінде осы «Байтұрсын» тұрғын үй кешені «комфорт плюс» санатында салынып жатқан болатын. Осыны жақсы жарнама жасады, сол кісінің жарнамасымен біз осы компанияға келіп, буклетін, бәрін көрдік. Соған сеніп, ипотекамен рәсімдедік”, – дейді тұрғын.

Тұрғындар депутатқа да шағымданған екен. Бірақ оқырманы көп блогер тіл қатпапты. Бізге үйдің сапасы көңілінен шығатын айтты.

“Астанада, болмаса Алматыда үйлерді сол санатпен салыстыратын болсаңыздар, «Байтұрсынның» деңгейі одан әлдеқайда жоғары. Кейбір оқырмандарым, менің сыныптастарым да тұрып жатыр, мен айтқаннан кейін. Ол жерде менің туысқандарым да бар. Шағым түспей тұрып та сонда бардым. Мен оны елге айтып жүргеннен кейін, өзімнің оқырмандарым ала бастады. Менің командамдағы жігіттерім де алды, ешқайсысы шағым айтпады”, – деп ақталады мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Дегенмен жақында депутаттар әр нәрсені жарнамалап, жауапкершілік алмайтын блогерлерге шектеу қояйық деп ұсынды. Әйтпесе «біз де алдандық» деп бәрі жалтарып кетеді. Олардың артында қаншама оқырманы бар. Үй алудың ең тиімді жолын көрсететін блогер Астанада соғылып жатқан тағы бір кешенді жарнамалауда. Оны да «Байтұрсынды» салған компания тұрғызып жатыр. Салымшылардың тағы қызыл-жасыл жарнамаға сеніп қалмасына кім кепіл?

Другие новости

Back to top button