Сотта Шерзат Полаттың дене жарақаттары көрсетілді

Талғарда төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сотта марқұмның дене жарақаттары көрсетілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕНЕ ЖАРАҚАТЫ
21 мамырда өткен сот отырысында іс бойынша басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынды. Жауап алу барысында жәбірленуші тарап адвокаты Мейірман Шекеев сотталушы Абзал Шынасылдан Шерзаттың дене жарақаты туралы сұрады.
Құрметті сот өткен сот отырысында Бишимбаева «менің баламның беті мен саусақтарында да дене жарақаттары болды» деді. Мына дене жарақатына байланысты не айта аласыз?, – деп Мейірман Шекеев марқұм Шерзат Полаттың фотосын көрсетті.
Іске тіркелген суретте Шерзат Полаттың бет тұсында дене жарақаты бар екені көрінеді.
Абзал Шынасыл «Менің қолым тиген жоқ Шерзатқа. Ол мені ұрған жоқ» деп жауап берді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ОҚИҒА
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған. Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өзі де өз-өзіне қол салып, қайтыс болды. Бірақ марқұмның туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбеген.
Оқиғадан кейін 9 адам күдікті деп танылып, қамауға алынған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған.
Күдікті ретінде Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.
Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.