Госорганы

Сот Мейіржан Төребаевтың тергеу изоляторынан босатылуына қатысты түсініктеме берді

Сот белгілі вайнер Мейіржан Төребаевтың тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алыну себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі. 

 

Ресми мәлімет бойынша, сот адвокаттың Мейіржан Төребаевтың кәмелетке толмаған бес баласының болуына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырды.

«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Төребаев расымен кәмелетке толмаған бес бала тәрбиеленіп жатқан отбасының жалғыз асыраушысы, оның денсаулығына байланысты күтімді қажет ететін қарт анасы да бар. Жалпы алғанда мұндай мән-жайлар, соттың пікірінше, Төребаевқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақ сияқты жеңілдетілген түрге өзгертуге негіз болуы мүмкін», — деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Бұған дейін соттың алдын ала отырысында Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босатылып, үйқамаққа алынған болатын. Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қаңтарында сағат 10.00-де Алматыдағы «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасының атышулы ісі бойынша басты сот отырысы өтеді.

Тағы бір танымал вайнер Мейірхан Шерниязовқа келсек, ол басты сот процесі кезінде абақтыда отыра бермек.

Еске салайық, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов биыл сәуірде қамауға алынған болатын. Олардан басқа іс бойынша сотталушы – үшінші вайнер – Әзімжан Саидбаев.

Бұған дейін хабарланғандай, бұл қылмыстық іс аясында 41 жылжымайтын мүлік, үш автокөлік, тоғыз банктік есепшот және 16 компанияның капиталындағы түрлі үлестері тәркіленген.

Другие новости

Back to top button