ГлавноеГосорганы

Сот Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа ауыстыру туралы өтініштен бас тартты

Келесі отырыс 27 қазанға белгіленді

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың адвокаты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, авдокат Игорь Вранчев тергеу изоляторында отырған қорғалушысына бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыруды сұраған. Хаменова бұл өтінішті эмоционалды түрде қолдаған.

«Білмеймін, адамдар бостандықта өздерін жақсы сезінетін шығар, бірақ түрмеде әр сағат, әрбір сәт – бұл уақыт, бұл адам тағдыры, сондықтан, құрметті сот, мен адвокатымның уәждеріне қосыламын», — деді Бақытгүл Хаменова.

Алайда прокурор Саматова қарсылық білдіріп, Хаменоваға тағылған айып ауыр қылмыс ретінде сараланғандықтан, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Судья Жұмағали Тәшімов кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Қайтып оралған соң тағылған айыптың ауырлығын ескере отырып, адвокат Вранчевтің өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы етті.

Келесі отырыс 27 қазанға белгіленді.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменованың ұсталғаны өткен жылдың 10 желтоқсанында белгілі болған еді. Хаменова Абай Құнанбаев ескерткішін орнатуға бөлінген 145 миллион теңге тендердің 4,5 миллион теңгесін пара ретінде алды деген күдікпен ұсталған болатын.

12 желтоқсанда Хаменова соттылығы болмағаны және кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты ана екені ескеріліп, үйқамаққа алынған болатын. Алайда 23 желтоқсанда қоғамдағы дүрбелеңнен кейін Хаменова тергеу изоляторына ауыстырылды.

Қылмыстық іс 31 мамырда Атырау қаласының No2 сотына жіберілді. Сот 3 тамызда басталды.

 

Другие новости

Back to top button