ГлавноеГосорганы

Сот арқылы банкроттық рәсімі қарыз 5,5 млн теңгеден асқанда іске қосылады

 ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сот арқылы банкроттық рәсімі қалай іске асырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сот арқылы банкрот деп жариялау бағытына тоқталсақ, азаматтар қарызы 1600 АЕК –тен асқан жағдайда іске асырылады (2023 жылы — 5 млн 520 мың теңге). Сот арқылы банкроттық кезінде борышкердің мүлкі саудаға шығарылады. Атап айтқанда, сот банкроттығы барысында кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін осы баспана кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Одан түскен қаражат белгіленген кестеге сәйкес кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жіберіледі», — деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, алимент, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша қарыздар, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіру алу мақсатында бюджетке аударылатын төлемдер есептен шығарылмайды.

«Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың қатарына кәсіби бухгалтерлер, заң бойынша кеңесшілер, аудиторлар, кіреді», — деді вице-министр.

Мұнымен қоса, жеке адамдардың банкроттығы туралы заң аясында төлем қабілетін қалпына келтіру қамтылған. Яғни тұрақты табыс болған жағдайда, сотта қарызды бөліп төлеу мүмкіндігі (5 жылға дейін) ескерілген. Қалпына келтіру жоспарын қаржы басқарушысы бірлесіп әзірлейді және сотта бекітіледі. Бұл рәсімнің артықшылығына тоқталсам, қарызы бар адам «банкрот» санатына кірмейді.

Атап айтқанда, банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Ал төлем қабілетін қалпына келтіру кезінде, мұндай салдар болмайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қарызы жабылмаған адамдар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.

Соттан тыс банкроттыққа тоқталсақ, бұл рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша тиісті шарттарға сәйкес қолдана алады. Біріншіден, олардың алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс.

Фейсбук парақшамызға кіріп, пікір қалдырыңыз, сынаңыз, ұсыныңыз

Біздің телеграмканалымызға жазылыңыз және жаңалықтарды қадағалаңыз

 

 

Другие новости

Back to top button