Сорбұлаққа құлаған тікұшақтағы үшінші адамның денесі табылды

Бүгін, 12 тамызда Қорғаныс министрлігі Сорбұлаққа құлаған тікұшақтағы тағы бір адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат», — делінген ресми хабарламада.
Қаза тапқан ұшқыштардың үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Әріптестері марқұмдарды әрдайым көмекке дайын, қайырымды, әрі жанашыр азамат ретінде еске алады.
Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғаса бермек. Осыған сәйкес тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек беріледі.
Еске салсақ, 10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылған еді.
Ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болатын.
11 тамыз күні іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.