Интервью

Соңғы жылдары елімізде христиан дінін ұстанатындар саны артты

Қарлығаш Борбасова - дінтанушы

Еркін өмір сүруі үшін ең қажет факторлардың бірі кең мағынадағы бостандық екенін ескерсек, діни сенім бостандығы қашанда маңыздылықтан түскен емес. Жақында ҚазАқпарат агенттігі еліміздегі діни сенім бостандығы жайлы ЕАЭО елдері арасындағы діни бостандық индексі ұсынды. The Cato Institute есебіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстандағы діни сенім бостандығы индексі — 5,2 құрады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Ресейден жоғары тұр (4,2). Алайда ЕАЭО елдерінің ішінде діни сенім бостандығы индексінде Қазақстан Армения, Беларусь және Қырғызстан сияқты елдерден кейін орналасқан.

Azattyq Ruhy тілшісі еліміздегі діни сенім бостандығы іс жүзінде қоғамда қалай көрініс табады? деген сұрақ төңірегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қарлығаш Борбасовамен сұхбаттасқан еді.

— Қарлығаш Молдағалиқызы, «діни сенім бостандығы» деген тіркес қарапайым адамға неден хабар беруі керек?

— Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» деп жазылған. «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Бұл Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.

«Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» деген 22-бабы Қазақстанның кез келген азаматының дінді ұстануы немесе ұстанбауы өзінің таңдауына байланысты. Заң жүзінде бұл мәселеде оның құқығы толық қорғалады деген сөз.

— Діни сенім бостандығы қандай заңмен реттеледі? Ел азаматтарына ол қандай жауапкершілік жүктеп, не нәрсеге кепілдік береді?

— Діни сенім бостандығы еліміздің «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңымен реттеледі. Аталған заң азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк бередi. Қазақстан халықының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар болса да кез келген дiндi еркiн ұстануға және ешқайсысын ұстанбауға құқылы. Дiнге сенуге, Құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге қатысуға не қатыспауға, дiндi оқып-үйренуге байланысты көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi. Азаматтардың еркіндігін қорғаумен қатар олардың жауапкершілігі де осы заңда көрсетілген. Азаматтар дiни көзқарасына қарамастан қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында заң алдында бiрдей жауапты. Олардың дiніне қарай шектеу немесе қандай да бiр артықшылық беру немесе соған байланысты өшпендiлiк немесе жеккөрушiлiк туғызу, діни сезімдерін жәбiрлеу, дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен діни орындарды қорлау Қазақстан заңдарымен жазаланады.

— Демократиялық өлшемде сенім бостандығы біздің елде қандай деңгейде?

— Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 — 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайтудың ресми көзқарастар жүйесі болды деуге негіз бар. 2021 жылғы халықаралық сараптамашылырдың зерттеулерінде Қазақстан діни еркіндікті қамтамасыз етуде 162 елдің ішінен 75 орын иеленді. Бұл да осы саладағы жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

2021 жылы RankingKZ мониторинг жобасы еліміздегі тұрғындардың діндарлық деңгейінің зерттеу нәтижелерін шығарды. Ондағы деректерді ұсынар болсам:

  • Сунниттік мұсылмандар – 61,3%;
  • Православиелік христиандар – 26,17%;
  • Католиктер – 3%;
  • Құдайға сенеді, бірақ ешқандай діни бағытқа жатпайды – 15,8%;
  • Сенушілер емес, басқа адамдардың діни сезімін құрметтеу – 23,5%;
  • Атеистер – 9,1%.

Менде бар 2009 жылғы санақ кезінде анықталған мәлімет бойынша салыстырсақ, тұрғындардың діндарлық деңгейінде біраз өзгеріс бар. Сол кездегі статистика төмендегідей болған:

  • Сунниттік мұсылмандар – 70,19%;
  • Православиелік христиандар – 17,2%;
  • Католиктер – 1,3%;
  • Атеистер – 2,81%.

Қазақстан тұрғындарының 97% -ы өзін бір дінді ұстанамын деп есептеген. 12 жыл ішінде суниттік мұсылмандар 8,89%-ға азайған, ал православиелік христиандар 8,97%-ға, католиктер 1,7%-ға көбейген. Атеистер саны да 6,29 %ға өскен.

Бұл көрсеткіштер елімізде ар-ожадан бостандығының бар екеніне  және оған қатысты шектеулер жоқ екеніне дәлел. Мәселен, суниттердің азаюы олардың елден көшіп кетуімен байланысты емес, олар не басқа исламдық мазхабқа ауысты, не басқа дінді қабылдады, не атеистер тобын көбейтті. Христиандық бағыттардың көбеюі олардың миссионерлікпен айналысу (өз діндерін таратуға) құқықтарының шектелмегенін көрсетеді.

— Еліміздегі діни сенім бостандығына қандай да бір шектеулер жоқ па?

— АҚШ Мемлекеттік департаменті Халықаралық дін бостандығы кеңсесі жыл сайын есеп шығарып отырады. 2019 жылғы «Дүниежүзілік дін бостандығы туралы есепте» Қазақстан діни сенімді шектеуші ел ретінде ТМД арасында Ресейден ғана жоғары тұр. Менің ойымша, бұл көрсеткіш Қазақстанды зерттеген «Форум18» ұйымынан берілген ақпараттар бойынша жасалған. Аталған ұйым негізінен еліміздегі діни азшылықтың мүддесін қорғауды мақсат етеді. Олардың баяндамасымен таныссаңыздар, елімізде болған дінмен байланысты заңға қайшы әрекеттердің барлығын тізіп, құқық қорғау органдарының қызметін сынға алады. Шындап келгенде олар заң шеңберінде әрекет еткен.

Бар мәселе 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңның күшеюімен байланысты. Бізде тіркелген үш мыңнан астам діни бірлестік мүшелерінің барлығы мемлекеттік заңдар шеңберінен шықпауы керек. Діни бірлестік болып тіркелу үшін 50 адамның мүше болу талабы,  миссионерлік қызметке де (дінді тарату, уағыздау) байланысты шектеулер қойылды. Әр діни бірлестік діни уағыздарын тек өз орталықтарында ғана жүргізе алады. Ал бұл қызметтерін басқа қоғамдық ортада: балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, дүкендерде, қоғамдық көліктерде іске асырса онда оларға әкімшілік айыппұл салынады, бұл әрекет үш рет қайталанса, ол діни бірлестік тіркеуден алынып, діни көшбасшылары жазаға тартылады.

Сондай-ақ, мемлекеттің символдарына құрмет көрсету, ұлттық қауіпсіздікке қатысты (экстремизм, терроризм қаупі), елді қорғау, патриотизм мәселелері бойынша талаптар кейбір діни азшылық құрайтын бірлестік мүшелеріне ұнамады. Мемлекетіміз халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының талаптарын орындап, тіпті өз мүддемізді шектеп, біраз жеңілдіктер жасауға мәжбүр болып отыр. Оған біздің саясатымызды толық қолдай бермейтін діни бірлестіктердің елімізде тіркеліп жұмыс жасауы, Иегова куәгерлерінің дін қызметкерлерінің әскери міндеттен босатылуы, мемлекеттік  идеологияны толық қолдап, халқымыздың мәдени-рухани дамуында  ерекше орны бар дәстүрлі Ханафи мазхабына ешқандай басқалармен салыстырғанда артықшылық берілмеуі дәлел болады.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Другие новости

Back to top button