Солтүстік пен шығысты газдандыруда Ресеймен келіссөз жалғасуда – министр
Еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына газ жеткізу бойынша Ресеймен келіссөз жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Техникалық тұрғыдан алғанда, елдің солтүстік-шығысы мен шығысын газдандыру үшін жылына шамамен 10 миллиард текше метр газ жеткізуге мүмкіндік беретін құбыр қажет. Егер қосымша оңтүстікке жеткізу қызығушылығы туындаса, онда 20-30 миллиард текше метрден астам газ қажет. Бірақ бұл келіссөз барысында қаралатын жайт», — деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, еліміздің солтүстік-шығыс және шығыс облыстарын газдандырудың бірнеше жолы бар.
«Айтар болсақ, Барнауыл газ құбыры арқылы республиканың солтүстігі одан әрі Павлодар, Өскемен, Семей және оған жақын аудандарға көгілдір отын жеткізуге болады. Сонымен қатар газ құбырын транзит үшін пайдалану мүмкіндігі бар. Бірақ келіссөздер әлі аяқталған жоқ», — дейді ол.
Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің солтүстігі мен шығысын газдандырудың ең оңтайлы нұсқасы — газды Ресейден тарту деген еді.
Еске сала кетейік, биыл қарашада Қазақстан мен Ресей президенттері Кремльде «үштік газ одағын» құру мәселесін талқылады.