Шымкент

Шымкентте үш ай ішінде 3 оқушы қыз жүкті болған

Шымкентте жыл басынан бері 11 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 3 оқушы қыздан ерте жүктілік анықталған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының алқа жиынында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Отырарға сілтеме жасап.  

Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 19 құқықбұзушылық жасалған. Оның ішінде мектеп оқушылары арасында 3 қылмыс тіркелген. Оның екеуі тонау, біреуі — зорлау фактісі. Өткен жылы мұндай кезеңде кәмелетке толмағандар 12 қылмыс жасаған, дейді мамандар.

«9 оқушы өзге өңірдің балалары, Шымкент қаласына келіп құқық бұзған, яғни қылмыс жасаған. 2 оқушы мектеп бітіріп кеткен, еш жерде тіркелмейтін азаматтар. 5 оқушымыз колледж студенттері болып отыр. Ал мектеп жасындағы балалар — үш оқушы. Суицид жасағандардың ішінде бесеуі колледж студенттері, алтауы — мектеп оқушылары», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Дәрібаева.

Үш айдың ішінде мектеп оқушылары арасында 3 жасөспірімнен ерте жүктілік анықталған. Өткен жылы да үш оқушы ерте жүктілікпен тіркелген. Оқушылар арасында жыл басынан бері өз-өзіне қол жұмсаудың 11 фактісі тіркелген. Оның үшеуі қайғылы аяқталған болса, 8-і аман қалған.

«Іс-шаралардың барысында үш айда түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 225 жасөспірім және түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болған 2162 жасөспірім анықталған. Қадағалаусыз жүрген 230-дан астам жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сот шешімімен бір жасөспірім Тараз қаласындағы арнаулы мектепке жолданды», — деді Шымкент қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғабитжан Жандарбеков.

Биыл үш айдың ішінде прокуратурамен бірлескен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарында – педагог-психолог мамандардың тәжірибесінің жеткіліксіз болуы, наркодиспансерде, полиция бөлімшелерінде есепте тұратын, тұрмысы нашар немесе толық емес отбасында тәрбиеленетін, құмар ойындарға бейім, буллингке ұшыраған, жанжалға бейім балалардың тізімі жасалмағаны анықталған. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен жауапты тұлғаларға 238 тәртіптік жаза қолданған.

Другие новости

Back to top button