Шымкентте кірпіш зауытының қожайындары 60-қа жуық шетелдікті құлдықта ұстаған
Шымкентте шетелдіктерді заңсыз еңбекке тартты деген күдікпен екі кірпіш зауытының қожайыны ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, 14 қазанда Алматы қалалық ПД-ның «102» арнасына Ақтөбе қаласының тұрғынынан арыз түсті. Арыз беруші Өзбекстан азаматы, ағасы еңбек құлдығынан қашып құтылып, өзінің жанына Алматыға келгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұған дейін оны Шымкенттегі кірпіш зауытының қожайындары физикалық күш көрсетумен қорқытып, ұстап келген. Алайда белгісіз біреулер қайтадан інісінің ізіне түсіп, қара түсті BMW көлігімен ұрлап кетіпті.
«Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, Алматы және Шымкент қалаларының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бірлескен арнайы жедел іс-шаралар жүргізіліп, нәтижесінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары, үш ер адам ұсталды. Олар кірпіш зауытының иелері, екеуі ағайынды бауыр болып шықты.
Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде жедел уәкілдер екі зауыттың аумағынан 60-тан астам шетелдікті тапты, олардың барлығы көрші Өзбекстаннан келген», — делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шетелдіктер зауытқа жұмысқа шақырылғаны анықталды. Содан кейін, олардың құжаттарын тартып алып, жалақы берілмегені және үнемі физикалық зорлық-зомбылық көрсетіліп, корқытып ұстағаны белгілі болды.
«Бүгін де 25 шетелдік жұмысшы «Сана-сезім» қоғамдық бірлестігінің қамқорлығында болса, 30-дан астам азамат жеке басын куәландыратын құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды», — дейді полицейлер.
Полицияға күдіктілерге қатысты шетелдік азаматтардан үш ресми арыз түсті. Күдіктілер қамауда. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы (Еңбекке қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру) және 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда шаруа қожалығының басшысы шетелдікті 5 жыл құлдықта ұстағаны анықталған.