Шымкентте алты адамды қағып кеткен автобус жүргізушісі 5 жылға сотталды
Шымкентте қоғамда үлкен резонанс тудырған қоғамдық көлік жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты.
Оқиға осы жылдың сәуір айында болды. Жол жиегіне тоқтаған жүргізуші қоғамдық көліктен түскен сәтінде автобус өздігінен қозғалып, жол бойындағы алты жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Салдарынан 5 адам қаза тапса, бір тұрғын мүгедек болып қалды.
Көлік құралын қараусыз қалдырған 49 жастағы жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, айып тағылды.
Бүгін өткен сот отырысында сотталушының кінәсі дәлелденіп, 5 жылға сотталды. Сондай-ақ ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Еске салайық, 8 сәуір күні Бәйтереков – Назарбеков көшелерінің қиылысында жүргізушінің басқаруынсыз қалған автобус бөктермен төмен қарай жүріп кетіп, қатты жылдамдықпен 6 адамды қағып кеткен болатын.
Аталған жол-көлік апаты туралы айтқан жауаптылар жүргізушінің қоғамдық көлікті қол тежегішіне қоюды ұмытып, әжетханаға кеткенін жеткізген болатын.