ШҚО-да су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр
Жедел штабтың ақпаратына сәйкес, Ұлан, Тарбағатай және Зайсан аудандарында еріген қар суы жолдарға жайылған, үйлерді су басқан жоқ.
Күннің күрт жылынуынан жылдам еріген қар суы Ұлан ауданының Казачье және Отрадное ауылдарындағы жергілікті маңызға ие көлік жолы арқылы аға бастаған. Тасқын су тұрғын үйлерге және аулалардың аумағына кірген жоқ. Жергілікті атқарушы органның күшімен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде кешкі сағат 18.00 шамасында қарғын судың беті қайтарылды.
Дәл осындай жағдай Тарбағатай ауданының аумағында, Ақсуат-Бәкей-Қарасу-Ақжар бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 43-ші шақырымында болды. Елді мекендерге су басу қаупі төнген жоқ, жолмен көлік қатынасы қамтамасыз етілген. Тасқынға қарсы жұмысқа “ОблШығысЖол” ЖШС-нің және жергілікті атқарушы органның сегіз техникасы мен 10 адамы жұмылдырылды.
Сонымен қатар Зайсан ауданының Көгедай, Үлкен Қаратал, Шалқар ауылдарында еріген қар суы республикалық Омбы-Майқапшағай трассасының 89-шы шақырымында жолға жайылған. Оқиға орнына жедел жеткен жергілікті атқарушы орган мен “Син Син” ЖШС-нің күштері құм толтырылған қаптардан бөгет қойып, топырақпен жол жиегін көмкеріп, топан судың арнасын басқа жаққа бұрды. Ауылдарға қарғын судан қауіп жоқ.
Катонқарағай ауданының Жаңа Хайрузовка ауылында жергілікті тұрғынға құтқарушылардың көмегі қажет болды. Күндізгі сағат 11.00 шамасында ауыл тұрғыны үйінің ауласына су кіргенін хабарлап көмек сұраған. Құтқарушылар қар суын сорғымен дереу сыртқа шығарды. Жұмыс сағат 14.00-де аяқталды.
Айта кетейік, аймақтағы су тасқынына байланысты жағдай жергілікті билік пен құтқарушылардың жіті бақылауында.