Шизофрениясы бар: Павлодарда сыныптасы мен мұғалімді жаралаған оқушы түрмеде отырмайтын болды
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл мамыр айында мектепке пышақпен келіп, сыныптасы мен мұғалімді жаралаған жасөспірімнің ісі бойынша шешім шығарды. Баланың психикалық дертке шалдығуына байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық іс көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіруге оқталу фактісі (ҚК 24-б. 3-б. – 99-б. 2-б. 14 т.) бойынша қозғалған. Сот жабық өткеніне байланысты қылмыстың мән-жайы жария етілмейді.
Амбулаторлық және стационарлық сот-психиатриялық сараптамалары жасөспірім есі дұрыс емес жағдайда қылмыс жасағанын анықтаған. Осыған байланысты прокурор мен жәбірленушілер сотталушының психикалық ауруға шалдығуына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды сұраған.
«Ж.-ның психикалық ауруының болуына байланысты, өз іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғына алмағандықтан және оларға ие бола алмағандықтан сот Ж.-ға жалпы психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шараларды тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», — деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, осы жылдың мамыр айында Павлодарда 17 жастағы бала мектепке өзімен бірге пышақ әкеліп, сыныптасы мен мұғалімді жаралаған. Зардап шеккендерге ауруханада алғашқы көмек көрсетіліп, кейін олар амбулаторлық емге жіберілді.