«Шерзатқа пышақты Абзал тығып алды»: Сотта Нұрқанат Ғайыпбаевтың видеосы көрсетілді

Талғарда төбелес кезінде қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сотта сотталушылардан жауап алу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
21 мамырдағы сот процесінде сотталушы Абзал Шынасылдан жауап алынып жатыр. Сотта тергеу кезінде Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен Абзал Шынасылдың беттестіруінің видеосы көрсетілді. Онда Ғайыпбаев Шынасылдың оқиға болған күні Шерзат Полатқа пышақ ұрғанын айтады.
Ана жерде төбелес болады. Сол кезде Шерзат келіп қалады артымнан. Шерзат мені тартады, аға қашайық деп. Сол кезде Абзал Шынасыл Шерзатқа қарай атылады. Сол жерде бірінші пышақты Абзал тығып алады. Ана жақта «Нұрғанат аға келші, маған бірдеңе тығып алды» деп айқайлады жан дауыспен. Мен жүгіріп барамын. Құшақтаймын. Көмегімді көрсетейін дегенде сол жағынан, артқы жағынан кәдімгідей пышақтың терең кіргенін байқадым. Аузынан лықылдап қан шығып жатты. «Жігіттер тоқтаңдаршы, скорый шақырыңдаршы» деп айқайлаймын. Бұлар оған қарамады, – дейді Нұрқанат Ғайыпбаев видеода.
Абзал Шынасыл сотта тағылған айыпты ішінара мойындады. Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ ұрғанын растады. Бірақ Шерзат Полатты өлтірмедім деді. Сөзінше, тергеу кезінде мойнына алуға мәжбүр болған.
Мойныма алған себебім, біз Талғар қаласында полиция басқармасында болған кезімізде тергеушілер «бұны бір адам істеді. Бір адам мойындарыңа алмасаңдар қиын болады» деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына этаппен алып кететін болды. Газельдің ішінде Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожев, Азамат Тоқтаубаев төртеуміз болдық. Сол кезде сөйлестік. Равиль Сәкиев: «Мынаны бір адам істеді. Бір адам мойындасын. Мойындамаса бәрімізге қиын болады» деді сол кезде. Сосын менде пышақ болғаннан кейін, өзімді қылмыс жасап, жасырғандай болмайын дедім де, іштей ойландым. Алсам ала салайын дедім. Қонаевқа келгеннен кейін ИВС-та бәріміздің басымыз қосылып, сөйлесіп үлгеріп қалдық. Сол кезде Нұрбол Тоқтаубаев «Абзал сенде пышақ болды ғой» деді. Мен көп ойланған жоқпын, «Шерзатты мойыныма аламын» дедім. Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шештік. Сөйтіп келіскен болатынбыз сол жерде, – деді Абзал Шынасыл сотта берген жауабында.
Шерзат Полат ісі бойынша сот залынан тікелей эфирді Ұлысмедианың Youtube-арнасынан көре аласыздар.