Шерзат Полаттың ағасының өлімі: Қаржаубай Нұрымов марқұм інісінің суицид жасағанына сенбейтінін айтты (видео)
Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов інісінің өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
9 желтоқсанда Талғар қаласының шет жағынан марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Полиция мәліметінше, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда ағасы Қаржаубай Нұрымов суицид жасағанына сенбейтінін жеткізді.
Азаттық сайтының мәліметінше, Қаржаубай Нұрымов ұлының бейіт басында жүрген. Інісі Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті де осы маңнан табылыпты.
“Төменге барып, отырып өліп қалған. Үй жақта да осындай ағаштар жетеді ғой. Бұл жерден төмен қарай 7-8 метр шығады. Бұл жерден сау адам түсе алмайды. Мынадан түсетін болсаң аяғың сынады”, – дейді Нұрымов.
Сондай-ақ Нұрымов желіде тараған хабарламаның өзіне жазылғанын растады.
“Маған жазған. Бүгін құпия тергеу жүргізілетін болған соң, ешқайда жібермейміз деп айтқан”, – дейді ол.
Қаржаубай Нұрымов «інісін суицид жасауға итермеледі» деп санайды.
«Нұрғанат өлетіндей бала емес еді. Інімнің өліміне қатысты әділ тергеу жүруі керек деп ойлаймын”, – дейді Нұрымов.
Айта кетейік, бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Еске салайық, Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады.