Главное

Шерзат оқиғасынан нәтиже шықпады ма: Талғарда білімсіз, жұмыссыз 1700 жас бар

Қоғамды дүр сілкіндірген Шерзат оқиғасы бойынша жуырда ғана сот үкімі жарияланып, қылмыскерлердің алды 23 жылға сотталды. 16 жастағы баланың кеудесіне пышақ салып, анасының шырылдап араша түскеніне қарамастан аяусыз тепкілеген бұзақылардың әрекеті – жүрегі бар пендені бей-жай қалдырмады. Осы оқиғадан кейін үлкен резонанс туып, көптен қордаланған мәселелердің беті ашылды. Белгілі болғандай алақандай Талғар ауданында не жоғары білімі жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ жастардың қатары аз емес. Azattyq Rýhy тілшісі түйткілді мәселені шолып шығып, шешімін таппай жүрген тұстарына назар аударды.

Шерзат ісі: қылмыскерлер жұмыссыз жүрген

Сотталған 9 адамның ішінде біреуінің ғана жоғарғы білімі бар, 5-і бұрын түрмеге отырып шыққан, көбісінің ресми әрі тұрақты жұмысы жоқ. «Адам өлтіру» және «бұзақылық» баптарымен сотталған Абзал Шынасылдың білімі орта, жұмыссыз, ал былтыр ғана 7 жылға сотталған Азамат Тоқтаубаев пен 2023 жылы екі жыл алты ай бас бостандығы шектелген Нұрқияс Ілиясов қылмысқа дейін бостандықта тайраңдап жүрген. Шерзат Полат көз жұмған күні, оны айнала қоршап ұрып-теуіп жатқандары видеода анық көрінсе да қылмыскерлер өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Сот үкімі оқылғаннан кейін ғимаратта шу шығарып, шыны кабинканы ұрғылап, сындырып жібере жаздады.

Олардың ата-аналары да судьяның шешіміне дөрекі түрде қарсы шықты. Қылмыстың дәлелденгеніне қарамастан әркім «менің балам-ақ» деуден тайынбады. Олар жәбірленуші тарапты балағаттап, тіпті Нұрымовтар отбасын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Солардың бірі — 20 жылға бас бостандығынан айырылған Равиль Сәкиевтің анасы Баян Сарманова түрлі балағат сөздер айтып, агрессия танытқаны үшін сот ғимаратынан шықпай жатып айыппұл арқалады. 9 жылға сотталған Нұрқияс Ілиясовтың әкесі апелляциялық сотқа шағым түсіретінін,президентке өтініш жазатынын айтты.

Қылмсыкерлердің ата-аналары өз ұлдарының жасөспірім Шерзатқа жасаған озбырлығын естерінен мүлде шығарғандай. Олар баланың өлімі үшін басын иіп, кешірім сұраудың орнына, қылмыскерлерді ақтауға тырысты. Ата-аналар жауапкершілікті түсініп, әділеттілікті мойындауы тиіс еді, бірақ бәрі керісінше болды.

Талғар трагедиясы жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың қауіпті деңгейге жеткенін, құқық қорғау органдары мен жергілікті биліктің жұмысындағы кемшіліктерді, сондай-ақ адами құндылықтардың аяқ асты болғанын анық көрсетті.

Талғар әкімі сұхбаттан қашты ма?

Біз Талғар әкімдігімен байланысып, NEET санатындағы және бұрын сотталған жастар туралы сұрап, білуге тырыстық. Алайда TikTok түсіруге уақыт табатын Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайыр «шаруасының бастан асып жатқанын» сылтауратып, сұхбатты бірнеше күнге шегеріп, ақыр аяғында ресми мәлімет берумен шектелді.

Сонымен, Талғар әкімдігінің берген дерегі бойынша, қалада не жоғары білімі не тұрақты жұмысы жоқ 1700 жас бар. Оларға арналған екі шара өткізіледі: бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және кеңес беру.

«Талғар қаласында жастар орталығы мен «Мансап» орталығының қатысуымен жастарға арналған «Тұлға бол» жылжымалы жәрмеңкесі және «Кеңес орталығы» жобасы аясында түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сауда орындары мен базарларда ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, ақпараттық парақшалар таратылады. Шараларға аудан әкімінің орынбасары, прокуратура, қалалық әкімдік қатысады. Жастарға жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар, «Есіктен есікке» акциясы мен бос жұмыс орындар жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі», — делінген хабарламада.

Талғарда жастарға қандай жағдай жасалған?

Қалада 14-29 жас аралығындағы 15 200 жас бар. Мектептер мен колледждерде 16 мыңға жуық оқушы оқып жатыр. Олардың ата-аналарына балаларды түнгі уақытта көшеге жібермеу жөнінде түсіндіріледі. 46,2 мың халқы бар Талғарда тәртіпсіздік пен заңбұзушылықты бақылайтын 15 участкелік полиция қызмет атқарады. Әр апта сайын рейдтер жүргізіледі.

Әкімдік берген дерекке сүйенсек, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған 4 спорт мектебі, 247 спорт нысаны жұмыс істейді.

Талғар қаласында 1 аудандық мәдениет үйі, 2 кітапхана, 5 мәдениет үйі және 6 саябақ жұмыс істейді. Балалар мен жастар үшін би, ән, қолөнер үйірмелері, шахмат, футбол, волейбол, күрес секілді спорттық секциялар бар.  2024-2025 жылында Талғар қаласы мектептерін 478 түлек аяқтаған, оның ішінде 346 түлек ЖОО-ға, 35 түлек колледжге түскен.

Талғар қаласында жастарға арналған бағдарламалар нақты нәтиже бермей отыр. Шерзаттың қазасы әкімдік берген ресми мәліметтің шынайы өмірден мүлдем алшақ екенін көрсетіп берді. Жастардың бір бөлігі қоғамнан шеттеп, қылмыс жолына түсіп жатқанда, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының жұмысы формальді шаралармен шектеліп отыр. NEET санатындағы жастармен жұмыс қағаз жүзіндегі есеп пен парақшалар таратудан әрі аспай тұр.

Айта кетейік, Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс жуырда аяғына жетті. Талдықорған қаласындағы сот ғимаратында судья Ержан Жанұзақов 9 күдіктіге қатысты үкім шығарып, оларды бас-аяғы 7 жылдан 23 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырды.

Другие новости

Back to top button