Шерзат ісі: Сотталушы пышақ ұрғанын мойындады

Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың сотында негізгі айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алу басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
21 мамырдағы сот отырысында Абзал Шынасыл өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді. Бұған дейін сотталушылардың барлығы өздерін түсіруге қарсы болған. Нұрқанат Ғайыпбаевқа пышақ ұрғанын мойындады. Сөзінше, төбелес кезінде Ғайыпбаев оларға қарсы мылтық атқан.
Барсам екпетінен жатты. Құймышағы ашық жатыр екен. Содан пышақты екі-үш сантиметр етіп ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Бәрі кеттік-кеттік деді, сосын кетіп қалдық, – деді Абзал Шынасыл.
Абзал Шынасыл ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) айып тағылған.
СОТТАЛУШЫЛАР
Сотталушыларға тағылған айып:
Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)
Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)
Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)
Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
ТАЛҒАРДАҒЫ ОҚИҒА
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған. Кейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өзі де өз-өзіне қол салып, қайтыс болды.
Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.
Шерзат Полат ісі бойынша сот залынан тікелей эфирді Ұлысмедианың Youtube-арнасынан көре аласыздар.