Госорганы

Шекарадан ағылған босқындар нөпірін реттеу қағидалары жарияланды

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пана іздеген адамдардың жаппай ағыны кезінде уақытша қоныстану пунктілерін айқындау, қабылдау және орналастыру қағидалары туралы Үкімет қаулысының жобасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Бұл құжат әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай кезінде Қазақстан шекарасына ағылған шетелдіктерді қарсы алудың тәртібін бекітуге арналған.

Босқын мәртебесін алып үлгермеген мұндай шетелдіктерге пана іздеуші деген термин қолданылмақ.

Қаулы жобасында «Пана іздеген адам – жергілікті атқарушы орган босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана іздеуге ниет білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам», — деген анықтама берілген.

Ал пана іздеген адамдардың жаппай ағылуын тіркеу үшін бір мезетте шекараға келген мұндай азаматтардың саны 100-ден асу керек.

Іргелес мемлекеттердің аумақтарынан мемлекеттік шекара арқылы пана іздеген адамдардың жаппай көшуі тіркелсе, жергілікті аумақтағы немесе республика бойынша әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай жарияланады. Ондай режимді ҚР Президенті тиісті Жарлықпен ҚР Парламентін дереу хабардар ете отырып, ҚР Премьер-Министрімен және Парламенті палаталарының төрағаларымен ресми консультациялардан кейін енгізеді.

«Республикалық және өңірлік жедел штабтардың шешімдерін орындау міндетті», — делінген қаулы жобасында.

Пана іздеушілердің уақытша қонытанатын орнын жедел штабтар айқындайды.

Сондай-ақ, құжатта Қазақстанның бүкіл аумағында енгізілетін төтенше жағдайдың қолданылу мерзімі 30 тәуліктен, ал оның жекелеген жерлерінде енгізілетін төтенше жағдайдың қолданылу мерзімі 60 тәуліктен аспауға тиіс екені де айтылған.

Төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлар жойылмаған кезде ҚР Президенті оның қолданысын мерзімдер шегінде ұзартуға құқылы.

«Тексеру пункттерінің, шатырлы және стационарлық лагерьлердің орындары үшін бастапқы тіршілікті қамтамасыз етуге дайындалған тиісті құрылымы бар әртүрлі ғимараттар мен құрылыстар (санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар, балабақшалар, мектептер, интернаттар және т.б.) пайдаланылуы мүмкін.

Пана іздеген адамдарды бірінші кезекте тіршілікпен қамтамасыз ету үшін қолда бар жабдықтардың саны жеткіліксіз болған жағдайда қызметтік-тұрмыстық үй-жайларды, клубтарды пайдалануға болады», — делінген құжатта.

Ондай орындарды қаржыландыру үкіметтің резервінен іске асады.

«Жедел штабтың шешімінде көзделген жағдайларды қоспағанда, пана іздеген, уақытша орналастыру орындарындағы адамдар аталған аумақтан шыға алмайды. Қажет болған жағдайда босқындар мәселелері жөніндегі уәкілетті органның халықаралық ұйымдарға пана іздеген адамдарға жәрдем көрсету жөнінде сұрау салуға құқығы бар», — деп жазылған қаулы жобасында.

Другие новости

Back to top button