Госорганы

Шекара қауіпсіздігі, терроризмге қарсы күрес, әскерді жақсарту: Мәжілісте заң жобасы мақұлданды

Енді бірінші басшылар ғана емес, бөлім басшыларына да қызметтік жауапкершілік енгізіледі

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы  заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.

 

Заң жобасын Парламент Мәжілісі 2023 жылғы 20 сәуірде жұмысқа қабылдады.

«Заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасады. Заң жобасының мақсаты — ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заң жобасында түзетулер 2 кодекске және 11 заңға енгізіледі. Айталық, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге ықпал ететін нормаларды енгізу көзделеді», — деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгұл Құспан.

Ол атағандай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін Мемлекеттік шекара объектілерін салу, жайластыру және олардың жұмыс істеуі үшін және қорғаныс мұқтажы үшін босалқы жерлерге ауыстыру мүмкіндігі беріледі.

«Заң жобасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарына кадр құрамын патриоттық, адамгершілік және рухани тұрғыдан тәрбиелеуге және ұлттық қауіпсіздік органдарында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру жөніндегі міндеттер жүктеледі. Шекаралық бақылау жүргізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшісінің мінез-құлық стандартын енгізу ұсынылады. Заң жобасында қылмыстық қудалау органдарына сотқа дейінгі тергеу басталғанға дейін мемлекеттік органдардың қызметін тексеру үшін аудиторларды тарту құқығын беру ұсынылады. Бұған қоса, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге және қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар көзделеді», — деді ол.

Құспан атағандай, «ҚР арнаулы мемлекеттік органдары туралы» қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті бірінші басшыларға жүктелген болатын.

«Енді арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін қызметтік жауапкершілікті тек жеке дара бірінші басшыларға ғана емес, барлық бөлім басшыларына жүктеу ұсынылады. Барлық басшыға ҰҚК кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу мен құқық бұзудың алдын алу міндеті тапсырылады. Жеке құраммен жүргізілетін бұл жұмыс мемлекеттік тілді білуге, жауынгерлік рухты нығайтуға, ұжымдағы оңтайлы адамгершілік, моральдік психологиялық ахуалды сақтауға бағытталады. Заң жобасындағы бірқатар норма әскери қызметті жақсартуға бағытталған», — деді ол.

Айгүл Құспан атағандай, заң жобасы бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда оған қарсы ақпараттық жұмысты естен шығаруға болмайды.

«Осы себепті терроримзге қарсы комиссия аясында жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру керек. Ал терроризмге қарсы орталық ол жұмыстарды үйлестіруі керек», — деді ол.

Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы депутаттар дауыс берді. 93 депутаттың 92-сі оң дауыс берді.

Другие новости

Back to top button