Госорганы

Шаңырақ оқиғасынан соң 20 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шықты

Ол - полиция қызметкерін өлтірді және жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айыппен сотталған төрт адамның бірі

Шаңырақ оқиғасынан кейін 20 жылға жуық мерзімге сотталған Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шықты. Бұл туралы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін таңертең Қостанай колониясынан Құрманғазы Өтегенов бостандыққа шықты. Ол — полиция қызметкерін өлтірді және жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айыппен сотталып, жазасын өтеп шыққан төрт адамның соңғысы», — делінген KIBHR бюросы таратқан мәліметте.

Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы оқиғадан кейін бастапқыда 16 жылға сотталғанымен, 2013 жылы «түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады» деген себеппен тағы 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Еске салсақ, 2006 жылы 14 шілдеде Алматы полициясы арнайы жасақпен бірге Шаңырақ ықшамауданында үйлерін бұзуға кедергі жасаған тұрғындарды таратуға әрекеттенген еді. Сол оқиғадан бірер күн бұрын ғана Бақай ықшамауданындағы 300-ден астам үй бұзылған болатын (сот шешімімен тек 30 шақтысы ғана сүрілуі тиіс еді).

Қақтығыс салдарынан ашуға булыққан наразы топ кепілге алған полиция қызметкері Әсет Бейсенов тірідей өртеніп кетті. Шаңырақ трагедиясынан кейін Алматы әкімдігі ықшамауданда заңсыз салынған тұрғын үйлерді заңдастыру туралы шешім қабылдады.

Атышулы «Шаңырақ ісі» бойынша Құрманғазы Өтегеновтен өзге, Рүтем Тұяқов және Ерғанат Тараншиев (олар 2018 жылы бостандыққа шықты), сондай-ақ белгілі ақын әрі диссидент Арон Атабек те сотталды. А. Атабек 2021 жылдың күзінде бостандыққа шыққанымен, оның денсаулығы қатты нашарлап, 24 қарашада 69 жасында көз жұмды.

 

Другие новости

Back to top button