Шахтинскіде қаза тапқан бес кеншінің отбасына жалақыларының 10 жылдық мөлшері көлеміндегі ақша төленеді. Сонымен қатар, облыстағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының барлық шахталары бір тәулікке жұмысын тоқтататын болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы Қарағандыда өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин мәлімдеді. Ол маусым айында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері бұл шахтаны тексергенін айтып, метан шығарындыларына қатысты шағымның болмағанын жеткізді.
«Бірақ бір апта бұрын лавада тікелей метан концентрациясының бұзылуы тіркелді. Бұл аймақ оқиғадан өте алыс болғандықтан мемлекеттік техникалық қадағалаудың нұсқауына сәйкес лава тоқтатылды. Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу, учаскелерді тексеру және шахтаға түскен жұмысшыларды есепке алу үшін барлық АМТ шахталарының жұмысы бір күнге тоқтатылды», — деді Ильин.
Комиссия оқиға орнын бүгін түнде тексеруге кіріседі. Әзірге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері шамамен 5% концентрацияда метанның шығуы болғанын ғана айта алады. Бұл жарылу қаупі бар аймақта болған. Кеншілердің денелері қатты күйіп кеткен.
Ильин кеншілердің отбасы жалақыларының 10 жылдық мөлшері көлеміндегі ақша алатынын қосты.
Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қалған кеніштерде консервация болмайтынын, олардың жұмысы бір тәулікке тоқтатылғанын атап өтті. Кеншілер қаза тапқан Ленин атындағы шахта комиссия жұмысы аяқталған соң жұмысын жалғастырады.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілі шахтадағы апатқа қатысты пікір білдірді
«Ертеңнен бастап қалған жеті шахта жұмыс істейді, бұл кеніш комиссия жұмысы аяқталған соң жұмысын жалғастырады. Мақажанов ауруханасында жатқан төрт кеншіге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген, екеуінің жағдайы орташа ауыр. Метан газымен уланудан басқа бас миының жарақаты да бар. Бұл отбасыларға барлық қажетті көмек әкімдік тарапынан көрсетіледі.
Сонымен қатар, ұжымдық шартқа сәйкес отбасыларға аталған кеншілердің он жылдық еңбекақысы көлемінде отбасыларға материалдық көмек, оған қоса несиені өтеуге және балалардың оқуына байланысты қосымша төлемдер төленетін болады. Бұдан бөлек, биылдан бастап ұжымдық шартта қаза тапқандардың отбасыларына қосымша баспана әперу қарастырылған», — деді Жеңіс Қасымбек.
Министр Ильин Ленин атындағы шахтада болған апаттар статистикасын келтірді. Ол 1964 жылы пайдалануға берілген. Бірінші апат 1978 жылы болды – ол кезде төрт адам қаза тапты. Келесі — 1985 жылы — екі қайтыс болды, және сол жылы тағы екі кеншінің өлімі тіркелді. 1995 жылы – екі жұмысшы жараланып, 13 адам қайтыст болды. 1998 жыл — бір адам қайтыс болды. 1999 жылы — үш адам қайтыс болды, екеуі жараланды.
«Ең үлкен апат 2006 жылы болды – 41 адам қаза тапты. Бұл тек бір шахтаның өзінде. Бұл шахталарда шынымен де көп адамның қаза табатынын көрсетеді. Бірақ бұл тек Қазақстанның ғана мәселесі емес, өкінішке орай адамдар өліп жатқан бұл басқа елдердің де бас ауруы. Сол себепті бұл тәуекелі жоғары ерекше мамандық», — деп қосты Юрий Ильин.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде шахтада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин шахтасында апат болып, 5 кенші қаза тапты.
ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.