Семейде қыс басталмай жатып жылу құбырлары жарылып жатыр
Қала әкімі жылудың толық берілмеуіне тозығы жеткен құбырлардың жарылуы себеп дейді
Семейде қыс басталмай жатып жылу құбырлары жарылып жатыр. Соның салдарынан қаладағы елуге жуық үйдің тұрғындары азынаған пәтерде жылына алмай жыларман болған. Күздің қара суығына қарамастан кей мектептер мен балабақшалар да жылуға бүгін ғана қосылыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31-арнаға сілтеме жасап.
Ал қала билігі тозығы жеткен желілерді жөндеп, жылуды жақын арада береміз деп сендірді. Айта кетейік, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев осыдан тура екі апта бұрын Семей жылу маусымына 99, 9 пайыз дайын деп журналистерге жар салған еді. Тастай суық үйде тоңып отырған тұрғындар жылытқыш қосып жан баққан. Бойлары жылынбаған жұрт азынаған пәтерде шетімізден ауырып жатырмыз деп мұңдарын шақты. Сондықтан қат-қабат қалың киініп, қымтанып жүретін болған.
Ал қала әкімі жылудың толық берілмеуіне тозығы жеткен құбырлардың жарылуы себеп дейді. Қазір коммуналдық мекеменің өкілдері апат болған аумақта күн-түн демей жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.
«Сол жақ жағалау бойынша қазіргі кезде екі СТП бойынша ғана жылу желісі берілген жоқ. Онда авариялық жағдай болғандықтан. Қазіргі кезде бізде теплокомунэнергоның тиісті мамандары мен жұмыс жасалып жатыр. СТП бойынша қазіргі кезде бір-екі сағатта жөнделіп бітеді», — деді Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Әкімдіктегілер жақын күндері тұрғындарға жылу беріледі деп отыр. Айта кетейік, қаладағы жылу құбырларының 68 пайызы әбден ескірген. Биыл 45 шақырымға созылған жылу желісі жаңартылған екен. Ал екі апта бұрын ғана облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей жылу маусымына 99,9 пайыз дайын деген еді.