Абайская область

Семейде көпір салып жатқан 150 құрылысшы үш айдан бері жалақыларын алмаған

Семейде көпір салып жатқан 150 жұмысшы үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Енді олар құрылысты жалғастырмаймыз деп наразылық білдірді. Онымен қоса ер адамдар басқа өңірден вахталық әдіспен келген екен. Отбасыларына ақша бере алмайтындарына ашынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа көпір салып жатқан құрылысшылар  үш айдан бері ақыларын ала алмай отыр. Көбі – отбасының жалғыз асыраушысы.

“Наурыздан бері жалақыны бермей отыр. Зейнетақы қорына да, медициналық сақтандыруға да ақша аудармай отыр. Жігіттердің бәрі үйлеріне ақшасыз барады. Талап ететініміз – ақша”, – деді жұмысшы Ұлтан Ниязбеков.

“Тараздан келдім, иә. Бес балам бар. Жағдай қиын боп бара жатыр. Жалақы жоқ, әрі қарай не істейтінімізді білмеймін”, – деді құрылысшы Мақсат Өмірзақов.

Жұмысшылардың дені өзге өңірден келген. Вахталық әдіспен жұмыс істеп жүргендер құрылысты тоқтатып, жалақыны тезірек беруді талап етті.

“Қызылорда облысынан келіп отырмын. Осы салада қызмет етіп жатқаныма он екі жылдан асты. Біраз жерде болдық. Бірақ дәл мұндай кешіктіру болған жоқ. Төртінші ұлым биыл он бір бітіріп жатыр. Ертең ҰБТ-сы бар, киімі бар, басқасы бар. Оның бәрі қаражат. Ертең оқуға дайындалу керек. Соның бәрі қаражатқа тіреледі. Өзімнің енді алты бала-шағам бар”, – деді жұмысшы Жасұлан Бейсенов.

Ертіс өзені арқылы өтетін төрт жолақты жаңа көпірдің құрылысы 2022 жылы басталған. Жоспар бойынша қолданысқа келесі жылы берілуге тиіс. Тапсырыс беруші – облыстық әкімдік. Шенеуніктердің айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы кешігіп, салдарынан 150 жұмысшыға айлық бере алмаған.

“Республикалық бюджеттен ақша кешігіп жатыр. Бұл қаржы маусым айында түсуі керек. Бүгінде жұмысшылар алдындағы берешек 67 миллион теңгеден асады. Көлік министріне хат жолдадық. Мәселені тезірек шешіп беру үшін қолдан келген шараны жасап жатырмыз”, – деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Жұмысшыларға медициналық сақтандыру мен зейнетақы қорына ақша аудармаған құрылыс компаниясын құзырлы органдар тексереді.

Қалада қазір екі көпір бар. Біреуінің тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр. Сондықтан жергілікті билік үшіншісін салуды ұйғарыпты. Оның құрылысына 30 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсау көзделген.

Другие новости

Back to top button