Госорганы

Сәуір айында Қазақстанда ауа райы қандай болады

«Қазгидромет» РМК 2025 жылдың сәуір айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктер мәліметінше, сәуір айында жылу одан әрі арта түседі. Қазақстанның солтүстігінде көпжылдық деректер бойынша сәуір айының бірінші онкүндігінде орташа тәуліктік ауа температурасының 0° арқылы оң мәндерге, ал елдің оңтүстігінде +10°С арқылы тұрақты ауысуы орын алады.

«Сәуірдің бірінші онкүндігінде еліміздің солтүстік жартысында түнде жауын-шашын, жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, көктайғақ, күндіз жаңбыр болжанады, оңтүстік аймақтарда – жаңбыр, найзағай күтіледі. Сонымен қатар республика бойынша жел 15-20 м/с күшейеді, ал түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман болуы ықтимал», — делінген синоптиктер болжамында.

Ауа температурасының ауытқуы болжанады:

  • елдің батысында түнде +8+13°С-тан -3+8°С-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +11+16°С-қа дейін, оңтүстік-батыста кей күндері күндіз ауа темпераурысы +20+28°С-қа дейін жоғарылайды;
  • солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, шығыста түнде -5+5°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз +8+13°С-тан +15+22°С-қа дейін;
  • республиканың оңтүстігінде түнде +2+10°С-тан +10+15°С-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +25+30°С-қа дейін;
  • республиканың оңтүстік-шығысында түнде -5+5°С-тан +7+12°С-қа дейін, күндіз +12+20°С-тан +18+27°С-қа дейін.

«Сәуірдің екінші онкүндігінде еліміздің солтүстік жартысында жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде болуы мүмкін, үшінші онкүндікте негізінен жаңбыр жауады.

Елдің басым бөлігінде ауа температурасының түнде +5+13°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +15+25°С-тан +8+13°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Оңтүстік өңірлерде және республиканың батысында күн +23+32°С дейін жылынады, бірақ кей күндері ауа температурысы +10+18°С дейін салқындайды», — дейді «Қазгидромет» РМК.

Айта кетерлігі, бір айға арналған ауа райының консультативтік болжамы синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндік болжамдармен нақтыланады.

Другие новости

Back to top button